Атырауда бірнеше адамның өліміне қатысты аты аталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды деп хабарлайды Democrat.kz.
Бұл туралы Astana TV телеарнасының Атыраудағы меншікті тілшісі Базаргүл Нәдірқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бұған дейін Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмысты жасырды деген күдік болған. Алайда тергеп-тексеру қорытындысы бойынша оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмаған.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Айсұлу Сүлейменнің айтуынша, Мұқанғалиеваға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша қаралған. Бұл бап қылмыс туралы хабарламауға қатысты қолданылады.
“Тергеп-тексеру нәтижесімен Мұқанғалиеваның іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша дәлелденбеуіне байланысты 2026 жылғы 24 маусымда Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды”, — деді Айсұлу Сүлеймен.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысындағы бір отбасының өліміне қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Тергеу барысында Сұлтан Сәрсемәлиевке бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылғаны хабарланған. Оған екі немесе одан көп адамды аса қатыгездікпен өлтіру, ұрлық, алаяқтық және жеке құжаттарды ұрлау немесе бүлдіру баптары бойынша айып тағылған.
Ал Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты бұған дейін отбасы мүшелерінің өліміне қатысы жоқ екені айтылған. Дегенмен оның қанды оқиға туралы біле тұра хабарламаған-хабарламағаны бөлек тексеріліп келген.
Енді ресми мәлімет бойынша, бұл бағыттағы сотқа дейінгі тергеу де тоқтатылды. Себебі құқық қорғау органдары оның әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық құрамын таппаған.
Заң бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылады. Бұл — адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз жоқ дегенді білдіреді.
Дегенмен Сәрсемәлиевке қатысты негізгі сот процесі жалғасып жатыр. Қоғам назарын аударған қылмыстық істің соңғы нүктесін сот қояды.