"Бағасын жөндеп берші": Тілемсек ата-ана мектепке жүгіретін маусым ашылды

"Бағасын жөндеп берші": Тілемсек ата-ана мектепке жүгіретін маусым ашылды

Әр тоқсан аяқталуға жақын қалғанда, мектептегі баласының бағасын өзгертуді сұрайтын ата- аналардың "жарысы" басталды деп жазады Democrat.kz. 

Сөмкесін сүйретіп, мектепке әрең барып келіп жүрген баласының білімі тоқсандық бағасы қорытылып жатқанда есіне түсетін кей ата-аналар қазір стресс халінде десек болады. 

"Сіздің сабақтан ғана бағасы төмен болып тұр, жөндеп бере қойыңызшы" деп басталатын өтінішті жасайтын ата-аналар саны көбеймесе, бұл елде азаятын түрі жоқ. 

Әлеуметтік желілерде әспеттеп пікір жазудың шебері сондай ата-аналар "балам өз білімімен жоғары баға алып жүр" деп шімірікпей өтірік сөйлейтінін қайтерсіз?!

Өзі қадағалап, білімі мен тәрбиесін ұштастырып, үйде оқытып, үйретпеген баласының бағасын тоқсанның соңында "жөндетіп" алып, кімді алдағысы келеді, түсініксіз. Әйтеуір басты мақсаты баласы тоқсандыққа "бес" шығуы керек, бітті. 

Осы мәселеге қатысты бастауыш сынып мұғалімі Зарина: "Құрметті, ата-аналар бастауыштан балаларыңызды өтірік бағаға үйретіп, "менің балам оқиды" деп баға сұрамаңыздар. 

Оқитын баланың жазуы да, тәртібі де жақсы болады. Бірінші тәртібін реттеп алыңыздар. Кішкентайынан өтірік бағаға үйретпей. Бала өзі тырысып, өз күшімен сол бағаға лайықты болу керек!" екенін айтады

"Баланың әр пәннен әртүрлі баға алуына болмайды. Басқа сабақтан 5 болса менің де сабағым 5 болуы керек пе? Мүмкін ол жақсы математик шығар, бірақ қазақ тілден сауатсыз жазатын болса мен не істеймін?

Құрметті сынып жетекшілер, балаға баға сұрауды қояйықшы! Өз күшімен алсын алатын бағасын! Қазір бала үшін басқа біреу шешіп беретін болса, кейін ол баладан өз күшімен еңбектеніп нәтижеге жетуді күтпеңіздер!"дейді педагог Гүлмарал Бақытжанқызы. 

Аты- жөнін көрсетпеуді өтінген келесі бір бастауыш сынып мұғалімі: "Отыз жылдық тәжірибемде түсінгенім, баласының бағасын "жөндеткіш" шешелердің 99 пайызы сауатсыздар. Баласының "бестігімен" өзін жұбатып, өзгелердің алдында мерейін үстем еткісі келе ме, түсініксіз. 

Әр тоқсанның соңында міндетті түрде баға "жөндеткіш" бірнеше шеше есігімізді қағады. Ол әрекеттері үшін арланбайды да. 

Оқу басталған күннен баланың бағасын, білімін қадағалап отырудың орнына, "жөндеп берші" деп мектепке келуді жөн көреді. 

Дәл қазір де, үш "мамаша" 3 сыныпта оқитын баласының бағасын "жөндетуге" келді. Мүмкін емесін айтып, түсіндіре алмадым. Түсінбегені былай тұрсын, "арыз жазам үстіңнен" деп өзіме шабуыл жасады бірі" дейді. 

Баланың басында жоқ білімді осылай тілемсектеніп сұрап алғыш ата- аналардың тұтас елге қастандық жасап жатқанын ұғатын ақылы болмағаны өкінішті. 

Дайындаған Мәриям КЕНЕСАРЫ.

 

Барлық жаңалықтар