"Бала ту деген еркек 15 млн теңге төлесін!": Әлеуметтік желіде ауыр тақырып талқыға түсті

"Бала ту деген еркек 15 млн теңге төлесін!": Әлеуметтік желіде ауыр тақырып талқыға түсті

Әлеуметтік желіде «ер адам әйеліне әр бала туған сайын 15 миллион теңге төлеуі керек» деген ұсыныс қызу талқыға түсті. Жазба авторы мұндай талап заңмен бекітілсе, кейбір ер азаматтар әйелді қайта-қайта босануға мәжбүрлемес еді деген пікір айтқан, деп жазады Democrat.kz.

Жазбада:

«Егер еркектер әйеліне әр бала туған сайын 15 миллион төлейтін болғанда, “бала ту” деп қақсамайтын еді. Осыны заңдастыру керек негізі. Әйеліне спираль салдырмайтын, бала туғынын құнсыздандыратын еркектерге ауыздық болар еді», – делінген.

Бұл пікір әлеуметтік желі қолданушыларын екіге бөлді.

Бір топ автордың ойын қолдап, әйелдің жүктілік, босану, бала күтімі кезінде үлкен физикалық және психологиялық салмақ көтеретінін жазды.

Пікір иелерінің бірі:

«Туған әйелге жағдай жасамайтын, құнсыздандыратын, жыл сайын туғыза беретін еркектер жайлы жаздым», – деп түсіндірген.

Тағы бір қолданушы әйелді тек «бала туатын адам» ретінде қабылдаудың дұрыс емес екенін айтып:

«Әйелдің миссиясы тек бала туу емес. Әйел саған аппарат емес», – деген пікір қалдырған.

Ал қарсы пікір айтқандар мұндай ұсынысты «баланы ақшаға бағалау» деп қабылдады.

Бір қолданушы:

«Өз балаңызды ақшаға туасыз ба?» – деп сұраса, тағы бірі:

«Бала тек еркек үшін туа ма? Егер міндетсінетін болса, тұрмысқа шықпай тұрып айту керек», – деген.

Тағы бір пікірде әйел мен еркектің бала туу мәселесін өзара келісіп шешуі керектігі айтылған.

«Неге жай ғана тумай жүре бермейсіңдер? Әр адамда таңдау бар ғой», – деп жазған желі қолданушысы.

Талқылауда діни көзқарас та айтылды. Кейбір азаматтар бала сүюді отбасының табиғи жалғасы, өмірдің мәні ретінде бағаласа, автор бұған:

«Әйеліне адам ретінде қарау, қамқор болу дұрыс емес пе?» – деп жауап берген.

Желіде мұндай пікірлердің қызу талқылануы бір нәрсені көрсетеді: мәселе нақты «15 миллион теңгеде» емес.

Негізгі дау – әйелдің бала туу еңбегі қоғамда қаншалықты бағаланады, отбасы ішінде оның денсаулығы мен таңдауы қаншалықты ескеріледі деген сұраққа тіреліп тұр.

Шын мәнінде, жүктілік пен босану әйел ағзасына елеулі салмақ түсіреді. Ал бала дүниеге келгеннен кейінгі күтім де көп жағдайда ананың мойнына көбірек жүктеледі.

Сондықтан «бала туу – әйелдің міндеті» деген біржақты түсінік пен «әр бала үшін ақша төлеу керек» деген радикалды ұсыныстың арасында үлкен айырма бар.

Мәселенің түйіні – ақшада емес, жауапкершіліктің тең бөлінуінде.

Бала – ерлі-зайыптылардың ортақ шешімі болса, оның материалдық, моральдық және тұрмыстық жауапкершілігі де ортақ болуы тиіс.

Ал әйелдің келісімінсіз оны бала тууға қысым жасау, денсаулығына немқұрайды қарау немесе оның еңбегін құнсыздандыру – отбасы ішіндегі теңсіздікті тереңдете түседі.

Сондықтан әлеуметтік желідегі бұл дау, түптеп келгенде, бір ғана сұрақты қайта алға шығарды:

әйел бала туғаны үшін ақы алуы керек пе, әлде ең алдымен оның таңдауы мен еңбегі отбасы ішінде әділ бағалануы керек пе?

Барлық жаңалықтар