Әлеуметтік желіде Жетісу облысы, Ақсу ауданының тұрғыны өз балаларынан көрген зәбірін айтып, олардан таяқ жеуден шаршағанын айтып, халықтан көмек сұрады деп жазады Democrat.kz.
Өзін Бақытбек деп таныстырған жетісулық азамат бұл қадамға амалсыз барып отырғанын жасырмады.
"Балаларым тыныштық бермейді. Жұмыс орныма келіп, қиратып кетеді. Бекзат, Бекболат атты екі ұлым зәбір көрсетіп, маза бермейді.
Екі отбасым бар. Біреуіне немеремді беріп, бөлек отбасы етіп қойдым. Ал өзім кемпіріммен Қотырқала жақта тұратынмын. Оны да ренжітіп, жылатты балалар.
Екі ұлым келіп, "бізге ақша бер, қарызға бер" деп мазалайды. Бұған дейін де қаншама рет ақша бердім, қарыздарын төлеумен келемін. Үйлендірдім. Аяққа тұрғыздым. Сонда да ақша сұрауын қоймайды.
Егер ақша бермесем, білгендерін жасайды. Былтыр солай бір ақша бермегенімде, көлікпен қыста айдалаға апарып тастады. Сол суықтан соң, қаншама уақыт ауырдым.
Балаларымды полицияға бердім. Бірнеше тәулікке қамалып, қайта шығады.
Жақында тағы сондай жағдай болып, менің жұмыс орныма барып, бәрін қиратып, тігін машиналарын алып кетті.
Екеуі мені қылғындырып, жығып, құлатып қалтамдағы барды алып кетеді. Денеме жарақат салмайды, дәлелдей алмаймын.
Полицияға беруге аяймын. Балаларынан обал", деген Бақытбек шарасыз қалғанын айтты.