Бейсембаев білім саласындағы араны ашылғандардың жолын кесті

Бейсембаев білім саласындағы араны ашылғандардың жолын кесті
Фейсбукте Дидар Смагуловтың жазбасынан 2023 жылдан бастап білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыны жымқыру көрсеткіші  772  есеге азайды дегенді оқып, өз көзіме сенбей, қайта-қайта оқыдым. Мәссаған, безгелдек! Бақсам бақа екен демекші, мынаны қара: 2023 жылы балаға білім бер деп берген ақшаның есебінен қалтасын қалыңдатпақшы болғандар қазынадан 17 млрд теңгені қарпыған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 22 млн теңгеге дейін қысқарыпты. Айырмашылық жер мен көктей! Жемқорлар өз еркімен «мен енді ұрламаймын» деп тыйылып қалды дейсің бе? Жо-жоқ, әрине, «алтын көрсе жолдан таятын періштелердің» жолына адымдарын аштырмайтындай тұзақ құрылыпты. Ғани Бейсембаев оқу-ағарту министрі қызметіне кіріскен сәттен бастап,  сонау 2023 жылы жемқорлық былыққа батқан білім саласын тазарту үшін Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен күш біріктіріпті. Сөйтіп, білім саласында тазарту, аулау басталады. Талайдың маскасын шешкен, су бетіне шығарған, тұсаған, нәпсісін тиғызған қадам болды бұл. Сөйтіп, мемлекет балаға деп бөлген ақша, шынымен де, балаға жетіп, өз орнымен, өз керегіне жұмсала бастады. «Бүркеген жерге бүрге үйір» дейді қазақ. Бұл кісі жауырды жаба тоқымай, шындықты ашық айтты. Министр мырзаның мұнысы шын мәнінде білім беру жүйесін жемқорлардан тазартқан шешім болды. Енді, міне, министрдің сөзден жедел әрекетке көшуінің арқасында білім саласындағы адалдық дәуірінің басталғандығын көріп отырмыз. Баланың қалтасына, құқығына қол сұғуға болмайды. Мұны соңғы жылдарда әр өңірден қолына кісен салынған жемқорлардың оқиғасы да дәлелдеуде. Әр жерден мектеп, балабақша есепшісі, басшысы ұсталыпты деген хабарды жиі естиміз. Сонда, «ойпырмай, мынау білім саласы әбден майлы шелпек болғаны ма» деп ойлайтынбыз. Сөйтек, бұл министрдің пәрменімен жүргізіліп жатқан тазарту, алдын алу, аластау екен ғой. Өте дұрыс, балаға тиесілі құндылыққа көз салып, қол сұққандар білім жүйесінен масқарамен қуылуы тиіс! Министрдің «ауруын жасырған өледі» деген қағидамен білім саласын жемқорлардан тазарту «операциясы» қолдауға тұрарлық.
Барлық жаңалықтар