Танымал емші Бағдагүл сынықшының үстінен белгілі блогер Динара Сәтжанның сотқа арыз түсіргені мәлім. Сол шағым бойынша соттың бірінші отырысы өтті. Сотта қандай масқаралар болғанын Бағдагүл емші бүге-шігесіне дейін айтып берді деп жазады Democrat.kz.
Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Бағдагүл емші сот процесінде біраз дау-дамай туындағанын айтады.
«Судьядан «қазақша сөйле» деп талап еттім. Сот процесі орысша басталды. Менің талабыма судья «неге айғайлайсың, тәртіпті бұздың, қазір үстіңе тағы басқа айыптаулар қосамын» деді.
Орысша түсінбейтінімді айтқаным үшін жазықтымын ба? Айыптаулар қоссаң, қоса бер дедім.
Бір кезде жаныма біреуі келіпті. «Сен кімсің?» десем, «мен сізге аудармашы боламын» дейді. «Маған емес, қазақша түсінбей жатқандарға аудармашы бол! Мен Ресейде тұрмын ба?» деп ашуланып, «онда қазір бірінші сені сапалақпен бетіңнен салып жіберемін, сосын анау судьяңды ұрамын, маған бәрібір, сотталсам, сотталып кетейін» дедім.
Сосын «онда күтесің» деді, күттік. Бір сағаттан кейін қазақша сот болды, штраф салды», - деді Бағдагүл емші.