«Бір айда 36 мың теңге кетті»: Мұғалімнің айлығында неге береке жоқ?

«Бір айда 36 мың теңге кетті»: Мұғалімнің айлығында неге береке жоқ?

Мұғалім болып жұмысқа кіргеніне небәрі бір ай болған жас педагог алғашқы айдың өзінде қағаз, баспа жұмыстары мен сыныпқа қажетті ұсақ-түйекке 36 мың теңге жұмсағанын айтып, әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізді. Жазба аз уақыт ішінде 150 мыңнан астам қаралым жинап, жүздеген пікірге ұласқан, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісін қолданушы мұғалім болып қызметке кіріскеніне бір ай толмай жатып, мамандықтың көзге көрінбейтін шығындарымен бетпе-бет келгенін жазды.

Оның айтуынша, небәрі бір айдың ішінде қағаз шығару, түрлі материалды басып шығару және басқа да мектеп қажетіне 36 мың теңге жұмсаған.

«Мұғалім болып кіріп, бір айда 36 шықты. Распечатка, қағаз шығару, чат – 10 мың ай сайын. Сол сорлы 200 мың теңге бірден кредитке кетеді. Қағаз-матаға 30–40 мың былай кетеді», – деп жазды ол.

Жас маманның сөзінен байқалатыны – мәселе тек жалақы көлемінде емес. Мұғалім өзінің кәсіби міндетін атқару үшін қажетті шығындардың бір бөлігін жеке қалтасынан өтеуге мәжбүр болып отыр.

Ол ай сайын түсетін шамамен 200 мың теңгенің кредитке, қағазға, баспа жұмыстарына және басқа ұсақ шығындарға тез жұмсалып кететінін айтып, тіпті мамандығын дұрыс таңдады ма деген күмәнін де жасырмаған.

«Не істесем болады? Зря оқыдым ба деп ойлап қалам. Терпеть или уйти?» – деп сұрайды жас мұғалім.

Жазба көпшіліктің назарын бірден аударған. Скриншоттағы дерек бойынша, оны 153 мыңнан астам адам көріп, 2,7 мыңға жуық қолданушы реакция білдірген. 246 пікір жазылып, 133 рет бөлісілген.

Пікірлердің бірінде басқа мұғалім мектепте қағаздың белгілі мөлшері берілетінін, алайда ол барлық жұмысқа жетпейтінін айтқан.

«Мектеп бір тоқсанға бір бума ғана береді. Ал енді есептеңіз, қаншама есеп, тапсырма шығару керек. Әр сыныпта 34 бала. Бір тоқсанда екі БЖБ және бір ТЖБ-ға тапсырма шығарасыз. Бұл тек бір сынып. Қалғандары бар», – дейді пікір иесі.

Оның айтуынша, кей жағдайда екі айға небәрі бір бума ақ қағаз беріледі.

Бұған қоса мәселе тек қағазбен шектелмейді.

«Басқа да шығындар толып жатыр. Айлық аз екені рас», – деп жазады ол.

Жас мұғалімнің жазбасы әлеуметтік желіде бұрыннан айтылып жүрген бір мәселені қайта көтерді: педагог сабақ берумен қатар, қажетті көрнекілікті, тапсырмаларды, БЖБ мен ТЖБ материалдарын, түрлі есептерді шығару үшін өз қаражатын жұмсауға қаншалықты міндетті?

Егер бір мұғалім бірнеше сыныпқа сабақ берсе, әр сыныпта 30-дан астам оқушы болса, бір тоқсанның өзінде жүздеген парақ қағаз қажет болуы мүмкін. Оған принтер бояуы, папка, файл, көрнекілік, кеңсе тауарлары және өзге шығындар қосылады.

Сонда ресми жалақы қағаз жүзінде бір сома болғанымен, мұғалімнің қолында қалатын нақты қаражат мүлде азаюы ықтимал.

Әсіресе еңбек жолын енді бастаған, баспанасы немесе кредиті бар жас маман үшін мұндай шығын айтарлықтай салмақ түсіреді.

Жазбадағы «шыдау керек пе, кету керек пе?» деген сауал да сондықтан жай эмоция емес.

Бұл – педагог мамандығына келген жас адамның бірінші айдың өзінде материалдық қысымға тап болып, кәсіби таңдауына күмәндана бастағанының белгісі.

Ал мұндай жағдай бір ғана жас мұғалімнің мәселесі ме, әлде мектептердегі жүйелі құбылыс па – бұл енді білім саласына жауапты органдар назар аударатын сұрақ.

Барлық жаңалықтар