Әлеуметтік желіде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін жас әйелдің қайғылы қазасы туралы жазба тарады деп жазады Democrat.kz.
Марқұмның құрбысы жариялаған хат-хабарларда келіншек күйеуінің өзін ұрғанын айтып, болған жағдайды егжей-тегжейлі баяндаған. Құрбысының сөзінше, әйелдің артында бір баласы қалған, өзі екінші сәбиіне жүкті болған.
Әлеуметтік желіде жас келіншектің қазасы туралы ауыр жазба тарады. Марқұмның құрбысы оның көз жұмар алдында жазған хаттарының скриншоттарын жариялап, әйелдің отбасында зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген.
«Подругам бүгін қайтыс болды. Күйеуі ұрып жүрген, орталарында бір балалары бар. Екіншісіне аяғы ауыр еді», – деп жазған ол.
Жарияланған скриншоттарда марқұмның жақын құрбысына отбасындағы кезекті жанжал туралы айтып отырғаны көрінеді.
Әйелдің жазуынша, жанжал бір қарағанда болмашы нәрседен — баласына әкелінген шоколадтан басталған.
«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір шоколад үшін ұрыстық қой», – деп жазған ол хатында.
Оның сөзінше, баласына әкелінген шоколадтың бір данасын жегеннен кейін күйеуі мұның себебін бірнеше рет сұрап, араларында сөзге келу басталған.
«Не болды, жегім келді, жедім дедім. Жоқ, “не үшін?” деп қоймайды. Үш рет сұрады», – делінеді хатта.
Кейін жанжалға енесі де араласқан. Әйелдің жазуынша, енесі «жас бала емессің ғой» деп, ұлының жағына шыққан.
Скриншоттағы хаттарға қарағанда, осыдан кейін ерлі-зайыптылар арасындағы сөз таласы жалғасқан.
Марқұм құрбысына күйеуінің артынан еріп келіп, дау шығарғанын жазады.
«Артымнан келіп, “сен кімсің мамаға сөйлейтін?” деді», – деп баяндаған әйел.
Одан әрі хаттағы ең ауыр тұс басталады. Әйел күйеуіне заттарын жинап, кетуін айтқаннан кейін күш қолданылғанын жеткізген.
«Жарайды дедім де, есікті қатты жаптым. Ол келді, басымнан ұрды, мен құлап қалдым. Ойлашы, бір-ақ шоколад үшін», – деп жазған ол.
Бұл жазбалардың желіде жариялануына марқұмның қайғылы қазасы себеп болған. Құрбысының мәлімдеуінше, келіншек кейін өзіне қол жұмсап қайтыс болған.
Сондай-ақ құрбысы марқұмның бір баласы болғанын және екінші сәбиіне жүкті екенін жазған.
Алайда қазіргі уақытта әлеуметтік желіде тараған бұл мәліметтердің барлығы ресми органдар тарапынан расталғаны туралы ақпарат жоқ. Скриншоттардағы жазбалар да оқиғаның бір тарапының баяндауы екенін ескерген жөн.