«Бір күні жарылады сынып жетекшілер»: Мұғалімдер  ваучер мен бөтен міндеттерден қажығанын айтты

«Бір күні жарылады сынып жетекшілер»: Мұғалімдер  ваучер мен бөтен міндеттерден қажығанын айтты

Threads желісінде бастауыш сынып жетекшілеріне E-асхана жүйесіндегі ваучерлерді белсендіру, SMS-кодтарды бақылау, ата-аналардан скриншот жинау секілді міндеттердің жүктелуі қызу талқыға түсті. Пікір білдірген мұғалімдер бұл жұмысты педагог емес, тиісті әлеуметтік қызметкерлер немесе ата-аналардың өзі атқаруға тиіс екенін айтып, сынып жетекшісінің міндеті шектен тыс көбейіп кеткеніне наразылық білдірді, деп жазады Democrat.kz.

«Басқа мектептерде де осы жындылық па, әлде бізде ғана ма?» – деп бастайды Threads қолданушысы өз жазбасын.

Автордың айтуынша, биыл Алматыдағы мектептердің бірінде E-асхана жүйесіне қатысты мәселе бастауыш сынып жетекшілерінің мойнына түскен. Оқушыға берілетін тегін тамақтың ваучерін белсендіру, SMS-кодтың келген-келмегенін анықтау, ата-аналарға хабарласу, процесті соңына дейін қадағалау мұғалімдерден талап етіледі.

Жазба авторы мұндай жұмыстың мұғалімнің негізгі қызметіне қаншалықты қатысы бар деген сұрақ қояды.

«Бұл ата-ананың жеке көмегі, баласының асханадағы тамағы емес пе?» – дейді ол.

Оның сөзінше, егер ваучер ашылмаса, жүйеде қате шықса немесе SMS келмесе, мәселені ата-ана ЦОН-ға барып не қолдау қызметіне хабарласып өзі шешуге тиіс.

Ал іс жүзінде мұғалімдер ата-аналардың орнына ваучер тіркеп, чатта «активация жасаңыздаршы» деп қайта-қайта ескертуге мәжбүр.

Тіпті жазба авторы 25 оқушының ваучері белсендірілгенін растайтын скриншоттарды жинап, оны келесі күні басып шығарып апару тапсырылғанын айтады.

«Сол бүгін енді 25 оқушының активация жасаған ваучерінің скриншотын жинап, ертең шығарып алып келесіңдер дегенге жарылып отырмын», – деп жазды ол.

Мәселе тек E-асханамен шектелмейді.

Педагогтің айтуынша, мектептегі әлеуметтік педагог атқаруға тиіс бірқатар жұмыс та сынып жетекшісіне беріледі. Әлеуметтік көмекке қатысты ақпаратты жеткізу, ата-аналарды ескерту, кейбір есептерді жинау, оқушының әлеуметтік картасына қатысты мәліметтерді рәсімдеу де мұғалімге жүктеледі.

«Бүкіл ақпаратты әлеуметтік педагогтерге сынып жетекшісі береді. Не бір жиналыс ашып, өздері хабарландыру беріп жасамайды. Ақша бөлінетінін, көмек барын сынып жетекшісі ескертеді. Оны ескертпей қалса, кім кінәлі? Баяғы сынып жетекшісі», – дейді автор.

Бұл пікірді басқа қолданушылар да қолдаған.

Бір мұғалім:

«Өте дұрыс айтасыз. Бізде де тура осы жағдай. Әлеуметтік педагогтің де, психологтің де жұмысын сынып жетекші жасайды. Неге олардың жұмысын сынып жетекші жасау керек?» – деп жазған.

Тағы бір қолданушы қысқа ғана:

«100% қосыламын сізге», – десе, екіншісі: «Бәріміз сол жыр», – деген пікір қалдырған.

Пікірталаста сынып жетекшісінің жалпы мектептегі орны да сөз болды.

«Мұғалім сол бұрынғы статусында қалды. Әркімге бір қолжаулық. Әлеуметтік педагогтер барлық есепті мұғалімдерден сұрайды», – деп жазды Threads қолданушыларының бірі.

Тағы бір пікірде мәселе одан да өткір қойылған:

«Бір күні жарылады сынып жетекшілер. Біреуіміз өлсек қана назар аудара ма екен? Әбден қинап бітті ғой».

Жазба авторы сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы мұғалімге кез келген міндетті арта беруге негіз болмауға тиіс деп есептейді.

«Сынып жетекшілікке беретін тиындарымен міндет қылып бітті ғой», – деп жазады ол.

Оның пікірінше, мұғалімнің негізгі жұмысы – оқушыға білім беру, тәрбие жұмысына қатысу, сабақ жоспары мен педагогикалық есептерін жүргізу. Ал әлеуметтік педагог, психолог, асхана жүйесінің операторы немесе ата-ана атқаруға тиіс техникалық және әкімшілік шаруалардың бәрін сынып жетекшісіне ысыра беру педагогтің жұмыс жүктемесін еселей түсіреді.

Threads-тегі пікірлерден байқалған тағы бір мәселе – міндеттердің нақты бөлінбеуі. Мұғалімдердің сөзінше, белгілі бір жұмыс орындалмай қалса, оның жауапкершілігі де көбіне сынып жетекшісіне жүктеледі.

Сондықтан пікірталасқа қатысушылар E-асхана жүйесіне жеке жауапты қызметкер бекітуді немесе ваучерді рәсімдеуді тікелей ата-аналар мен тиісті әлеуметтік қызметтердің міндетіне беруді ұсынады.

Әзірге бұл – әлеуметтік желі қолданушыларының тәжірибесі мен пікірі. Аталған міндеттердің мектептерде нақты қандай құжат негізінде сынып жетекшілеріне жүктеліп отырғаны және бұл тәжірибе тек жекелеген мектептерге тән бе, әлде кең таралған құбылыс па – бөлек анықтауды қажет етеді.

Барлық жаңалықтар