Мектептегі хиджаб мәселесі әлеуметтік желіде тағы бір өткір қырынан талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының бір бөлігі кәмелетке толмаған қыздардың киімін, денесін және «әуретін» ересек ер адамдардың талқылауын сынға алып, мұндай көзқарастың өзі балаға қатысты қауіпті түсініктерді қалыптастырады деп есептейді, деп жазады Democrat.kz.
Пікірталасты бастаған қолданушылардың бірі 11–12 жастағы қыздардың киіміне қатысты ер адамдардың жиі пікір білдіруін сынады.
Оның айтуынша, 18 жасқа толмаған қыз – ең алдымен бала. Сондықтан оның киімін ересектердің сексуалдық өлшеммен бағалауы дұрыс емес.
«11–12 жастағы кішкентай қыздардың киімін неге аңдисыңдар? 18 жасқа толғанша ол – жасөспірім. Мектеп оқушысы – бала. Орамал тағу-тақпауын есейген соң өзі шешсін», – деген мазмұнда пікір білдірді ол.
Жазба астындағы пікірлерде де осы ой жалғасты. Бірқатар қолданушы «неге қыз баланың киімі ғана үнемі талқыланады, неге ер адамның өзін-өзі ұстауы сөз болмайды?» деген сұрақ қойды.
Хиджаб мәселесі сөз бола қалса, еліріп, едіреңдеп бірінші неге еркектер атойлап шығады? Әр қыз-келіншек әуретті жерін өзі қорғай алмай ма, әлде әйелдердің әуреті үшін әлеуметтік желіде басынан буы шығып, пікір жазып отырған еркектердің діттегені не?
Осы сұрақтың айналасында желіде түрлі сөздер жазылуда. Ең қауіптісі ересек еркектердің 6-7 жасар қыздардың етегімен алысуы емес пе?



