ТикТок әлеуметтік желісінде қазақстандық өзге ұлт өкілінің азаматы көпшілікке тіл мәселесі мен білім саласындағы бағалауға қатысты сұрақ қойып, видеосы қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
Валера атымен тіркелген азамат өзін толғандырған сұрақты айтып: "Менде мынадай бір сұрақ болып тұр.
Менің немерелерім Қазақстанда мектепке барып жүр. Сол жақта қазақ тілін оқып, емтихандарын да тапсырып жүр. Сол пәннен олар 4-5 деген бағалар алып, ол бағалары аттестатта қойылған.
Бірақ олар қазақ тілінде бірде-бір сөз білмейді. Егер біреу оларға қазақ тілінде сөйлесе, мүлде түсінбейді. Сонда мына 4-5 деген бағалар қайдан алынады? Неге бұлай?"дейді.
Валераның бұл сұрағы онсызда шиқаны сыздап тұрған білім саласындағы ең үлкен проблеманы қозғап жібергендей.
Пікір жазып отырған педагогтар "бізде ешқандай баға әділ қойылмайды, бағаны басшылардың бұйрығымен қоямыз" дегенге саятын пікірін айтса, ал былайғы жұрт "мұғалімдер дұрыс оқытпайды. Бұрын біз орыс тілінен "бестік" алсақ, демек, ол тілде еркін сөйлеп, жаза алатынымызды білдіретін" деген ойларын жазуда.