Қазақстанда медициналық деректерді біріктіру мен цифрлық бақылауды күшейту нәтижесінде 31 млрд теңге көлеміндегі шығынның алдын алынды, деп хабарлайды Democrat.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің басшылығымен, сондай-ақ отандық IT-компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді.
Жиында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан, өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың орындалуы қаралды. Премьер-министр ЖИ арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылайтын жаңа жүйенің элементтерімен де танысты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, қазір 23 бөлек жүйеден e-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне көшу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкерінің деректері цифрландырылған.
Деректерді біріктіру және бақылауды күшейту нәтижесінде медициналық жүйеден 1,4 млн рецептіге байланысты пациенттердің ескірген 400 мың картасы алынып тасталды. Соның арқасында 31 млрд теңге көлеміндегі шығынның алдын алу мүмкін болған.
Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға немесе шамамен 7 млрд теңгеге төмендеді. Қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есе артқан.
Президент тапсырмасына сәйкес Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе де құрылып жатыр. Ол шашыраңқы жекеменшік ақпараттық жүйелерді біріктіріп, дәрігердің бірыңғай жұмыс құралына айналуға тиіс.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің 12 жүйесінің 7-еуі біріктірілді. Деректер бір рет енгізіліп, құжаттар автоматты түрде қалыптастырылады. Соның нәтижесінде дәрігердің ақпарат енгізуге жұмсайтын уақыты 40%-ға қысқарған.
Медициналық деректердің бірыңғай қоймасына 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, түрлі реестрлер мен анықтамалықтардан ақпарат біріктірілген. Қойма мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.
Биылғы 1 шілдеден бастап 2012 жылдан бері жинақталған деректер автоматты форматты-логикалық бақылау негізінде медициналық көмекке ақы төлеу үшін пайдаланылып келеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, цифрлық бақылау медициналық 38 ұйымда қызмет жүргізуге арналған лицензияның жоқ екенін анықтаған. Оның ішінде 27 ұйымның қызметі тоқтатылды.
Сертификаттарының қолданылу мерзімі аяқталған 2 188 медицина қызметкері де жұмыстан уақытша шеттетілген.
Ақпараттық жүйелерді біріктіру жалған қызметтерді анықтап, оларға ақы төлеудің алдын алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсету, бір дәрігердің әртүрлі өңірдегі бірнеше мекемеде бір мезгілде жұмыс істеуі және қызмет көрсету жазбасын негізсіз тіркеу секілді жағдайлар бар.
Елде азаматтың бірыңғай цифрлық профилі де қалыптастырылды. Онда медициналық деректер адамның тұрғылықты жері мен тіркелген жеріне қарамастан сақталады.
Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланған. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап скринингтен өту туралы автоматты хабарламаларды іске қосу жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау жүйелері мен ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар да анықталып жатыр. Бүгінде шамамен 10 мың жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылған.
Жиында дәрі-дәрмекті таңбалау және қадағалау жүйесінің жұмысы да баяндалды. Қазір 1 млрд-тан астам қаптама таңбаланып, мониторинг 3 мың дәрілік зат атауын қамтыған.
Оның ішінде 1 595 препараттың, яғни 52%-ының бағасы тұрақты болып қалды. 800 дәрілік зат атауының, яғни 26%-ының бағасы төмендеген. Жалпы экономикалық тиімділік 42,5 млрд теңгені құрады.
Жүйенің ауқымын кеңейту аясында биылғы 1 қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды, ББҚ-ны таңбалау енгізілді.
Кеңесте ЖИ элементтері қолданылатын бірнеше цифрлық жоба да таныстырылды.
«Суық тізбек» жобасы вакциналарды қоймадан медициналық ұйымға дейін сақтау және тасымалдау жағдайларын автоматты түрде бақылауға арналған. Температура датчиктері сақтау жағдайын, ал GPS-мониторинг иммундық препараттардың тасымалдануын бақылайды.
Пилоттық жоба 2025 жылы Қарағанды облысында іске асырылды. Биылғы 1 қазаннан бастап оны бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізу басталады. Жүйе барлық өңірдегі 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 арнайы көлікті қамтиды.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін «Қазақтелеком» АҚ шешімдері негізінде смарт-бейнежетондар енгізіліп жатыр.
Бұл құрылғылар қауіпті жағдайларды тіркеп, ахуалды бағалауға мүмкіндік береді. Пациент тарапынан шабуыл жасалған немесе қауіп төнген жағдайда сигнал Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына автоматты түрде жіберіледі. Бұл патрульдік полиция жасағының оқиға орнына жедел жетуіне мүмкіндік береді.
Қазір жоба Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында іске қосылған. Оны биылғы жылдың соңына дейін толық енгізу жоспарланып отыр. Бейнежетондармен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылады.
Стационарлардағы бейнеаналитика және SOS батырмасы жүйесі қабылдау бөлімдеріне арналған. Жоба медицина қызметкерлеріне қатысты агрессияны анықтайтын «ақылды» камералар орнатуды көздейді.
Ақпарат Полиция департаментіне, медициналық ахуал орталығына және медициналық ұйымның күзет қызметіне жедел беріледі. Қосымша SOS батырмалары да орнатылады. Оның көмегімен азаматтар патрульдік полицияны өздері шақыра алады.
Қазіргі уақытта жүйе Астана, Шымкент қалаларында және Жамбыл облысында енгізіліп жатыр.
Шалғай аудандардың тұрғындары үшін қашықтан кеңес беретін цифрлық телемедицина шешімдері де іске қосылған. Жыл басынан бері 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілді. 2,1 млн-нан астам адам қашықтан медициналық қызмет алған, олардың 39%-ы ауыл тұрғындары.
Жоба ауылдардағы 655 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулаторияны, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесін қамтиды.
Биылғы 1 қыркүйектен бастап телемедицина оқушыларды алдын ала тексеруге де енгізілді. Жоба аясында 8 мыңға жуық мектепті қамту жоспарланған.
Қашықтан кеңес беру кезінде ЭКГ, экспресс-талдаулар және цифрлық медициналық құрылғылар арқылы жасалатын тексерулер қолжетімді. Алдағы уақытта бұл тізімге УДЗ, офтальмоскоп және басқа да зерттеулер қосылмақ.
ЖИ қолданатын орталықтандырылған телерадиология бүкіл ел бойынша 400-ден астам медициналық мекемені байланыстырады. ЖИ алгоритмдері КТ, МРТ және маммография суреттерін талдауға мүмкіндік береді.
Соның арқасында диагностикаға жұмсалатын уақыт 4 еседен астам қысқарады. Патологияны ерте кезеңде анықтау көрсеткіші 32,2%-ға артады.
ЖИ негізіндегі AKYLMED.AI медициналық коммуникациялардың бірыңғай жүйесі де енгізіледі. Ол пациенттерді тәулік бойы онлайн жазуға, скринингтер мен профилактикалық тексерулерге автоматты шақыруға және қабылдау сапасы туралы кері байланыс орнатуға арналған.
Үкімет мәліметінше, AI-көмекшілерді пайдалану емханаларға келмей-ақ қызмет алу деңгейін үш есеге жуық төмендетуге және тіркеу орындарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген.
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық контурын құру стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, бұл медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға тиіс.
«Президент бытыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тартып, денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық негізін құру бойынша нақты мақсат қойды. Бұл міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шешімдер мен технологиялардың бар екенін көріп отырмыз. Басталған жұмысты соңына дейін жеткізу маңызды. Барлық жүйелер біріктіріліп, деректер қолжетімді әрі өзекті болуға тиіс. Сондай-ақ тиімді ЖИ-шешімдерді бүкіл сала мен өңірлерге кеңінен таратқан жөн. Біз нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, яғни медициналық қызметтердің сапасын арттырып, шығындарды оңтайландыру және әкімшілік кедергілерді жою қажет. Жаппай цифрландыру жүйені жетілдіруге, сол арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыра түсуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.