"Уақыт жоқ": Мұғалімдер 3-4 сағаттық ұйқымен мектепте шапқылап жүр

"Уақыт жоқ": Мұғалімдер 3-4 сағаттық ұйқымен мектепте шапқылап жүр

«Сабақ 12:30-да бітеді. Бірақ үйге қайта алмаймын. “Мынаны бүгін тапсыр, ананы түске дейін өткізу керек” деген жұмыс таусылмайды. Кешке дейін мектептемін. Түнгі екіде жатамын, таңғы 5:45-те қайта тұрамын». Жаңа оқу жылында жұмысқа кірген жас мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасы педагогтердің қағазбастылық пен есептен әбден қажығанын тағы бір мәрте көрсетті, деп жазады Democrat.kz.

Жас педагог 1 қыркүйекте жұмысқа тұрғанын жазады. Қолына бірінші сынып берілген.

Оның айтуынша, сабақтың өзі 35 минут қана. Алайда сабақ аяқталғаннан кейін мұғалімнің негізгі жұмысы енді басталғандай әсер қалдырады.

«Бітпейтін қағаз толтыра береміз. Сынып тізімі, анау-мынау. “Мынаны тапсыр, ананы түске дейін тапсыр, срочно бүгіннен қалмасын” деген жұмыс бітпейді», – дейді ол.

Мұғалім сабағы 12:30-да аяқталғанымен, ерте қайту мүмкін емес екенін айтады.

«Сабаққа күшті қылып, әртүрлі ойындар, көрнекіліктер дайындап барғым келеді. Бірақ дым уақытым жоқ. Түнде екіде жатамын, таңғы 5:45-те тұрамын. Кешке дейін мектептемін. Өмірім не болып кетті?» – деп жазған педагог.

«Сабақ өтуге уақыт жоқ»

Жазбаның астында басқа мұғалімдер де осыған ұқсас жағдайларын бөліскен.

Бір педагог күн сайын толтырылатын есеп пен қағаздан сабаққа дайындалуға уақыт қалмайтынын айтқан.

«Сабақ өтуге уақыт жоқ қой. Күніне қаншама қағаз. Есебі жоқ отчет», – деген пікір бар.

Тағы бір қолданушы мұғалімнің жұмысын:

«Сабақ беру емес, түсінбейтін отчет пен қағаз шаршатып жатыр. Әлі танымайтын баланың ішінің қай жерде екенін түгендеп жазу, оны мың рет түзету», – деп сипаттаған.

Пікірлерден педагогтің негізгі жұмысы – балаға сабақ беру болғанымен, уақыттың едәуір бөлігі есеп пен құжатқа кететіні байқалады.

Бірінші сынып мұғалімдерінің жүктемесі тіпті ауыр

Әсіресе бірінші сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің шағымы көп.

Бір пікір иесі:

«Бірінші сынып мұғалімдеріне күшті дейтін мұғалімдер бір күн болса да сабақ өтсе түсінер еді. Бірінші сыныптың қағазы тұрмақ, көрнекілік, тапсырма, сұрайтын, толтыратын жұмысы көп», – деп жазған.

Оның айтуынша, сабақтан кейін бала тарағанша тағы уақыт өтеді. Одан соң тапсырма тексеру, құжат толтыру, көрнекілік әзірлеу басталады. Үйге барғаннан кейін де жұмыс жалғасады.

Тағы бір мұғалім түнгі 01:30-ға дейін жұмыс істейтінін айтқан.

«Айлық алмай жатып, 200 мың теңге минусқа кірдім»

Жас педагогтің жазбасындағы тағы бір тұс – жұмыстың қаржылық салмағы.

Ол дайын материалдар салынатын ақылы каналдарға тіркелгенін, бірақ олардың бәріне ақша жетпейтінін жазады.

«Әлі айлық алмадым, 200 мыңға минусқа кірдім. Принтер, подарка балаларға, қағаз тағы басқа», – деген.

Бұл пікір де мұғалімдер арасында жиі айтылатын мәселенің бірі – сабаққа қажетті кей материалды өз ақшасына алу жайын қайта көтеріп отыр.

«Мұғалім робот па?»

Жас ұстаз тағы бір пікірінде мұғалімге қойылатын шексіз талапқа наразылығын білдірген.

«Мұғалім робот па? Анау болмайды, мынау болмайды. Ең бастысы сабақ үстінде айтса болды емес пе? Жеке өмірімізде де өзімізді мұғаліммін деп ұстап жүру керекпіз бе? Әр баланың тәрбиелейтін ата-анасы бар. Мұғалім тек сабақ үстінде ғана мұғалім», – деп жазған ол.

Оған кейбір тәжірибелі мұғалімдер «басы ғана, кейін үйренесің», «жұмыстың басында бәріміз де осылай қиналдық» деп жауап берген.

Алайда басқа пікірлерде «қағазды қысқартамыз деген сайын көбейеді» деген сөздер де бар.

«Балама неге сабақ сұрамайсыз?» деген ата-ана да бар

Мұғалімдерге тек әкімшілік тапсырмалар емес, ата-аналардың талабы да қосылады.

Бір пікірде:

«Мектепте отбасының жағдайын білудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Көп балалы ма, жағдайы бар ма, жоқ па деген сияқты. Баланың түгел екенін қадағалау, білім беру жеткілікті», – делінген.

Ал басқа мұғалім ата-аналардың кейде баласының сабағын қадағалауды толық мектепке жүктейтінін айтқан.

Яғни педагогтің мойнында сабақ, тәрбие, есеп, қағаз, ата-анамен байланыс, әр баланың әлеуметтік жағдайын түгендеу сияқты бірнеше міндет қатар тұрғаны байқалады.

Жас мұғалімнің:

«Балаларға жоғары деңгейде білім бергім келеді, қызықтырып оқытқым келеді. Бірақ оны істейтін уақыт жоқ»,

деген сөзі әлеуметтік желідегі пікірталастың ең ауыр тұсына айналды.

Барлық жаңалықтар