Тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан күйеуі Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы отбасына қатысты қоғамда айтылып жатқан пікірлерге жауап берді. Ол журналист Шолпанға берген сұхбатында бұл мәселенің сотта қаралып жатқанын, ал бұрынғы жұбайының сотқа жүгінуі заңды құқығы екенін айтты деп жазады Democrat.kz.
Бұған дейін Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы жары Жанна Жанықұлова әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, Алматыдағы сотта неке шарты мен алимент келісіміне қатысты іс қаралып жатқанын мәлімдеген еді.
Динара Сәтжан бұл іске араласқысы келмейтінін, себебі мәселе күйеуінің бұрынғы отбасына қатысты екенін жеткізді.
“Бұл – әр адамның конституциялық құқығы. Егер бір нәрсеге көңілі толмаса, сотқа жүгінуге құқылы. Бұл – қалыпты жағдай. Мен олардың жеке ісіне араласқым келмейді. Өйткені бұл маған қатысты мәселе емес. Ол неке келісімін қайта қарауға, жаңа шарттарды талқылауға толық құқылы”, – деді тележүргізуші.
Сонымен қатар Динара Сәтжан Жұмабек Жанықұловқа қатысты әлеуметтік желіде жазылып жатқан “балаларын тастап кетті”, “алимент төлемейді”, “бұрынғы отбасын ештеңесіз қалдырды” деген пікірлермен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, күйеуі балаларының білімі мен тұрмысына қажетті шығындарды көтеріп отыр.
“Мені қынжылтатыны – әлеуметтік желідегі пікірлер. Адамдар “бес баласын тастап кетті”, “алимент төлемейді” деп жазып жатыр. Бірақ өз қаражатына қаншама адамға көмектесіп жүрген адамның өз балаларына көмектеспеуі қисынға келмейді”, – деді ол.
Тележүргізуші күйеуінің қайырымдылықпен айналысатынын, студенттерге, спортшыларға және ұстаздарына қолдау көрсететінін айтты. Оның айтуынша, Жұмабек Жанықұлов Испанияда тұратын екі жас теннисшінің оқуын толық қаржыландырып отыр.
Сондай-ақ Динара Сәтжан оның көптеген студентке шәкіртақы төлейтінін, достарымен бірге студенттерге арналған жатақхана салуға атсалысқанын жеткізді.
“Ол көптеген студентке шәкіртақы төлейді. Достарымен бірге 2000-жылдардан бері студенттерге арналған жатақханалар салып келеді. Жандосов пен Әл-Фараби көшелерінің маңында “Мұғалім” деген жатақхана бар. Кезінде педагогикалық факультет студенттеріне жатақхана қажет екенін айтқан жігіттер келіп, ұсыныс білдірген. Содан кейін ол ғимарат сатып алып, достарымен бірге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мұның бәрі студенттер үшін жасалған”, – деді Сәтжан.
Динара Сәтжанның айтуынша, Жұмабек Жанықұловтың балалары шетелде білім алып жатыр. Олардың жеке мектептері, балабақшалары мен жоғары оқу орындарына кететін шығындарды әкесі төлеп отырғанын жеткізді.
“Балалары өте жақсы. Үлкен ұлы Америкадағы университетті бітіріп, қазір әкесінің жанында, компаниясында жұмыс істеп жүр. Тағы бір ұлы Америкада оқиды. Балаларының шетелдегі білімі, жекеменшік мектептері мен балабақшалары – бәрі әкесінің мойнында. Сондықтан “ол ештеңе төлемейді” немесе “бәрін тастап кетті” деу шындыққа жанаспайды”, – деді ол.
Тележүргізуші бұрынғы отбасының ішкі мәселесіне араласқысы келмейтінін тағы да атап өтті. Дегенмен бір кездері күйеуінен бұрынғы жұбайының жағдайы туралы сұрағанын жасырмады.
“Мен бұл мәселеге мүлде араласқым келмейді. Бір жолы одан “Оны ренжітіп қойған жоқсың ба? Жағдайы жақсы ма? Жеткілікті өмір сүріп жатыр ма?” деп сұрадым. Ол “әрине” деді. Қаржылық жағынан бәрі дұрыс сияқты. Бар дүниесін қалдырған: жылжымайтын мүлік те, өзара келісімдері де бар”, – деді Динара Сәтжан.
Ол өзіне қатысты “тартып алды”, “ажырастырып жіберді” деген айыптауларға да тоқталды. Сәтжанның айтуынша, ересек адам өз өміріне қатысты шешімді өзі қабылдайды және өз әрекеті үшін өзі жауап береді.
“Мен ең алдымен балалар үшін уайымдадым. Оның тарапынан да, менің тарапымнан да қабылдау болғанын қаладым. Арамызда дұрыс қарым-қатынас болғанын, бір үлкен отбасы сияқты сыйластық сақталғанын тіледім”, – деді ол.
Тележүргізуші елу жастағы адамның өз таңдауын саналы түрде жасай алатынын айтты.
“Ересек адам, әсіресе елу жастағы адам, өз таңдауын өзі жасайды және өз әрекеті үшін өзі жауап береді. Ал “тартып алды”, “ажырастырып жіберді” деген сөздерге келсек, егер адамдар мұны қалай жасауға болады деп ойласа, өздері білсін. Меніңше, әр адам саналы түрде өмір сүреді және шешімді өзі қабылдайды”, – деді Динара Сәтжан.