Көптен бері ұстаздардың түрлі сұрақтарына заңдық тұрғыда нақты жауаптарын беріп, әлеуметтік желіде жақсы танылған заңгер Сабина Ахметова бұл жолы өзіне келген тағы бір сорақы сұрақ туралы айтып, соған жауап берді деп жазады Democrat.kz.
Заңгер Сабина Ахметоваға атын көрсетпеуді өтінген мұғалім: "Құрылтай сайлауы қарсаңында мектеп директоры оқуды бітіріп кеткен, кәмелеттік жастағы балалардың ЖСН нөмірлері мен телефон нөмірлерін беруді сұрап жатыр. Бұл қаншалықты заңды? Балаларымыз сайлау күні Қазақстанда емес, шетелде болатынына қарамастан, осылай сұрау салып отыр.
Мұнан бөлек, мектеп басшысы мұғалімдердің туыстарының сайлау күні қалай дауыс бергені туралы фотоесеп беруді талап етіп отыр. Бұл заңды ма?"- деп сұрақ қойған.
Заңгер бұл сұраққа: "Ешқандай басшының бұлай сұрау салып, талап етуі ешбір заңға сай келмейді. Сайлауда дауыс беру - әр азаматтың жеке таңдауы мен құқығы. Ешкімнің азаматтарды сайлауға баруға, сайлауда дауыс бергеніне есеп беруге мәжбүрлеуге қақысы жоқ", - деп жауап берді.