Кезінде Атырау облысын басқарып, кейінірек істі болып, шетлге қашқан Бергей Рысқалиев әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше жазба жариялап, жұртты шулатып жіберді деп жазады Democrat.kz.
Бергей Рысқалиев желідегі парақшасында Атырау облысына жаңадан тағайындалған әкім Болат Ақшолақовты қызметімен құттықтап:
"Болат Ақшолақовты Атырау облысының әкімі болып тағайындалуымен құттықтаймын.
Ол басқару саласында мол тәжірибеге және мұнай-газ саласын терең білетін білікті маман. Оның кәсіби білімі мен тәжірибесі дәл Атырау өңірінің өзекті мәселелерін шешуде сұранысқа ие болатынына сенімдімін.
Бүгінде халықтың үніне құлақ асып, қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу, басымдықтарды дұрыс айқындау аса маңызды. Тиімді жұмыстың негізгі – дұрыс ұйымдастыру, орындалуын тұрақты бақылау және қабылданған шешімдер үшін жеке жауапкершілікті мойынға алу.
Облыс әкімі өңірлік мәселелердің басым бөлігін шешуге жеткілікті өкілеттікке ие. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, биліктің барлық тармақтарын осы мәселелерді шешуге жұмылдыру, өңір тұрғындарының барлық санатымен үздіксіз әрі нәтижелі жұмыс жұгізу.
Жаңа Әкімге, Атырау облысы тұрғындарының игілігі жолындағы жұмысына сәттілік тілеймін", - деп жазды.
Бергей Рысқалиевтің бұл жазбасына "аман жүріңіз", өзіңіздей әкім керек болып тұр", "халық сізді күтіп жүр", "Атырауды дірілдетіп ұстайтын өзіңіздей адам керек" деген сияқты пікірлер жазып, шуласуда.