"Доғарыңыздар!" деген Тұрсынбек Қабатовтың қызы кейбіреулерге ренішін білдірді

"Доғарыңыздар!" деген Тұрсынбек Қабатовтың қызы кейбіреулерге ренішін білдірді

Айару Тұрсынбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ тілін білмейді деген пікірлерге қатысты ойын айтты. Оның сөзінше, көпшілік сырттай жорамал жасап, өзін ана тілінен мүлде алшақ адам ретінде қабылдайды. Алайда бұл пікір шындыққа сәйкес келмейді деп жазады Democrat.kz.

Айару бала кезінде қазақ тілін жақсы меңгергенін, қазақша еркін сөйлеп, оқып, жаза алатынын жеткізді. Дегенмен 1-сыныптан бастап ағылшын тілінде білім алғандықтан, уақыт өте келе қазақ тілін күнделікті өмірде сирек қолдана бастаған.

«Мен қазақ тілін білемін. Қазақша сөйлей де, жаза да, оқи да аламын. Бірақ мектепке барғаннан кейін қазақ тілінен біртіндеп алыстай бастадым. Өйткені қазақ мектебінде оқымадым. Достарымның көбі орысша және ағылшынша сөйлейді», – деді ол.

Айарудың айтуынша, отбасы мүшелері қазақ тілінде сөйлескенімен, өзі көбіне орысша жауап береді. Бұған қазақша сөйлеген кезде акцентінің байқалуы және өзін еркін сезінбеуі себеп болған.

Ол әлеуметтік желіде «Қазақсың ба, неге қазақша сөйлемейсің?» деген мазмұндағы пікірлерді жиі оқитынын да жасырмады. Мұндай сөздердің өзіне ауыр тиетінін айтып, адамның тілдік таңдауына құрметпен қарауға шақырды.

«Мен қазақша сөйлемесем, бұл тілді білмеймін дегенді білдірмейді. Осы тақырыпта маған жазуды доғарыңыздар. Менің таңдауымды құрметтейді деп үміттенемін», – деді Айару.

Оның бұл пікірі қоғамдағы тіл мәселесіне қатысты тағы бір қайшылықты алға шығарады. Бір жағынан, қазақ тілін білу мен қолдану – екі бөлек ұғым. Екінші жағынан, тіл қолданылмаған сайын әлсірейді. Сондықтан Айарудың жағдайы тек жеке таңдау мәселесі емес, білім беру ортасы мен күнделікті тілдік кеңістіктің адамға қалай әсер ететінін де көрсетеді.

Барлық жаңалықтар