Әнші Мөлдір Әуелбекова Алматыға алғаш келген жылдарын еске алып, өнер жолының оңай басталмағанын жазды. Ол қалаға 2004 жылы Super Star KZ жобасына қатысу үшін келгенін, кейін әкесінің қолдауымен Т.Жүргенов атындағы академияда білім алғанын айтты, деп жазады Democrat.kz.
Мөлдір Әуелбекова әлеуметтік желідегі парақшасында Алматыдағы алғашқы жылдары туралы естелік бөлісті.
Әншінің айтуынша, ол Алматыға 2004 жылы арман қуып, Super Star KZ жобасына қатысу үшін келген.
«Жоба аяқтала салысымен әкем жетектеп жүріп Т.Жүргенов атындағы академиясына, марқұм Люция Төлешованың класына оқуға түсірді», – деп жазды әнші.
Өнер иесі сол кезеңде құрбысы Меруертпен бірге Алматыдағы талай жалдамалы пәтердің есігін қаққанын, студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көргенін де еске алған.
«Әртүрлі қызықты оқиғаларға тап болдық. Ерекше естеліктер, ең қызықты сәттер өмірімізде тарих болып қалды», – дейді ол.
Әуелбекова кейін ата-анасының өзіне қолдау көрсету үшін Тараздағы дүние-мүлкін сатып, Алматыға көшіп келгенін жазған.
«Оқу бітірген соң ата-анам маған қолдау болып, Тараздағы дүниені сатып Алматыға жаныма көшіп келді. Алып шаһарда зәулім үй соқтық. Бірге аяққа тұрдық. Биік белестерге жеттік! Ризамыз! Арман қала – Алматы! Рақмет!» – деп жазды әнші.
Жазба астындағы пікірлер де қызу талқыға түскен. Кейбір қолданушылар әншінің жетістігіне бұрынғы продюсері Баян Мақсатқызының ықпалы болғанын еске салған.
Бір қолданушы:
«КешYOU-дің арқасында елге танылдым десеңіз де болады ғой. Баянның еңбегін жоймай», – деп пікір білдірген.
Оған жауап берген желі қолданушыларының бірі Мөлдірдің танымалдығын тек топпен байланыстыру дұрыс емес екенін жазған.
«КешYOU-дің ғана үлесі емес шығар. Өз өнері, дауысымен танылды», – деген пікір қалдырған.
Тағы бір оқырман әншіні көпшілікке үлгі болатын тұлға ретінде бағалап, имиджіне де мұқият қарауға шақырған.
Осылайша, Мөлдір Әуелбекованың Алматыдағы өмірі туралы естелігі әлеуметтік желіде оның өнердегі жолы, танымалдыққа жетуіне кімдердің ықпал еткені және жеке еңбегі туралы пікірталасқа ұласты.
