Қазақстанда ең бірінше болып, еркектік ұрығын байлатып тастау арқылы жоспарсыз жүктіліктен қорғануға бел буған отбасының қазіргі жағдайлары мәлім болды деп жазады Democrat.kz.
Еске салып өтейік, Айым мен Диас үш баладан кейін жоспарсыз жүктіліктен сақтану үшін вазэктомия, яғни, еркектің ұрық жолдарын ота арқылы байлатуға шешім қабылдағандарын мәлімдеген болатын.
Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде Диасқа олай жасатпа деп, өре түрегеліп, ақыл айтушылар өте көп болды. "Қазір небәрі 34 жаста екенсің. Кейінірек бір жағдайлар бола қалса, бала сүйе алмай қаласың. Әйелің спираль салдырсын, болмаса дәрі ішсін" дегенге саятын ақылды айтушылар біздің қоғамның сана түсінігін айқындап бергендей еді.
Иә, бізде әлі күнге дейін қажетсіз жүктіліктен қорғану міндеті - әйелдің мойнында. Жүктіліктен қорғану үшін әйел дәрі ішіп, спираль салдырып, денсаулығынан айырылып, азапқа түсіп жатса да, ол туралы ешкім "әйелге обал емес пе" деп селт етпейді.
Себебі, біздің де қоғам еркекке әйел, бала-шағаны табындырып, соған бағындыруға бар күшін салып, ғасырлар бойы осы үрдісті сақтап келген қоғам.
Қош, сонымен 30 жастан енді асқан Айым мен Диас әлгіндей сана қалыптасқан қоғамды дүр сілкіндіріп, вазэктомия жасатуға шешім қабылдап, елді шулатты. Еркектік ұрық жолдарына жасалатын отадан кейінгі Диастың қазіргі жағдайы қалай?
Бұл туралы Айым желідегі парақшасында: "Диас отаға кіріп кеткенде, қатты уайымдадым. Алайда аз ғана уақыттың ішінде ота бітіп, сәтті аяқталды.
Қазіргі кезде Диастың жағдайы өте жақсы. Отадан кейінгі күтіну процесінде. Алайда денсаулығын мазалап жатқан ештеңе жоғын айтты", - деп мәлімдеді.
Онсызда әр баланы туған сайын денсаулығы орасан зор күйреуге ұшырайтын әйелдерге жоспарсыз жүктіліктен қорғану міндетін артуды қоятын кез келгенін Айым мен Диас осылай анықтап көрсетті, келісесіз бе?