Танымал актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева өзінің қазіргі өмірлік кезеңі, ішкі күйі мен шығармашылығындағы белестері туралы ашық бөлісті деп жазады Democrat.kz.
Бүгінде 50 жастың асуына шығып, ұлын ұяға қондырған, екі немеренің әжесі атанған өнер иесі өзін бұрынғыдан да жас сезінетінін жеткізді. Оның айтуынша, физикалық жасына қарамастан, ішкі энергетикасы енді гана 30 жасқа таяған.
«Мен 50 жастамын. Ұлым 30-ға келді, екі немерем бар. Яғни, нағыз әжемін! Бірақ энергетикалық жасым енді ғана 30-ға жақындады. Оны жүрегіммен сеземін. Бұл жас көрінгім келіп, тренд қуалап немесе қолдан әрекет жасау емес, бұл – менің шынайы ішкі күйім. Мен осы қалпымнан ерекше ләззат аламын», – дейді өнер иесі.
Актриса бұл деңгейге өмірлік тәжірибе, үздіксіз ізденіс пен үлкен еңбектің арқасында жеткенін атап өтті. Жылдар бойы жинаған білімі мен талай сынақтар оның тұлға ретінде толысуына септігін тигізген.
Қазіргі таңда әнші шығармашылығында жаңа серпіліс жасап, көрермендеріне мүлде басқа қырынан танылуға дайындалуда.
«Бұл нәтижеге оңай келген жоқпын: адаса жүріп, қателесе жүріп еңбек еттім. Талай жеңілістен кейін жеткен жеңісім бұл. Психология, дін, әдебиет пен мәдениетті бойыма сіңіріп, өзімді іштей байытуым – жап-жаңа Айгүлді қалыптастыру үшін жасалған үлкен жұмыс. Сондықтан мен қазір өзімді шексіз бақытты сезінемін», – деп түйіндеді актриса.