Мектеп іші жарқырап тұруы керек. Бірақ сол тазалықтың артында кімнің қолы жарылып, кімнің үйінен ескі киім тасылып жүргенін көпшілік біле бермейді. Әлеуметтік желіде тараған видеода мектеп еден жуушылары қолғап пен қажетті тазалық құралдары толық берілмейтінін, кейде еденді жалаң қолмен, суық сумен, тіпті үйлерінен әкелген ескі киімдерді шүберек етіп жуатынын айтып шағымданады. Бұл жай тұрмыстық қолайсыздық па, әлде еңбек қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың бұзылуы ма – мәселенің заңдық жағын қарастырдық, деп жазады Democrat.kz.
КТК арнасының "Дау-дамай" бағдарламасы түсірген видеода тілшіге сұхбат берген техникалық қызметкерлердің сөзінше, мектептегі тазалыққа қажетті заттардың бәрі бірдей жеткілікті көлемде берілмейді. Олар шаруашылыққа жауапты қызметкерге, яғни завхозға қажетті құралдар жөнінде айтқанымен, мәселе толық шешілмейтінін жеткізеді.
Еден жуушылар «қолғапсыз жуамыз», «суық су пайдаланамыз», «шүберекті үйден әкелеміз» деп, шындықты айтты.
Тіпті еден жууға арналған шүберектің де жеткілікті түрде берілмейтінін айтқан "техничкалар" өздері үйден ескі киімдерін әкеліп, еден сүрткішке арнайтынын жасырмады.
Мәселенің мәнісін директордан сұраған тілшіге берілген жауап сыдыртпалы шықты. "Завхоз біледі. Ол қазір мектепте жоқ, сыртқа шығып кетті" деген жауаппен құтылған мектеп басшысы еден жуушылардың сұранысын толық қанағаттандырып отырғанын алға тартты.
Үш жыл бойы 30 мың теңге жалақыға еден жуған "техничка" мен хлорды жалаң қолмен қолданып жүрген басқалары күнделікті жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтың толық берілмейтініне наразы.