Продюсер Баян Алагөзованың Канье Уэстің Алматыдағы концертіне қатысты пікірі Threads желісінде үлкен дауға ұласты. Бастапқыда отандық және шетелдік әртістерге қойылатын талаптың айырмашылығын көтерген продюсер кейін өзімен келіспеген желі қолданушыларына өткір жауап бере бастаған деп жазады Democrat. kz.
Баян Алагөзованың негізгі уәжі – KeshYOU тобының Алматыдағы концерті кезінде командаға отшашу жасауға рұқсат берілмегені, ал әлемдік жұлдыз Канье Уэстің концертінде пиротехникалық эффектілер қолданылғаны.
Продюсер осыған байланысты «неге қазақстандық әртістерге болмайды да, шетелдік жұлдызға болады?» деген мазмұнда мәселе көтерген.
Алайда талқылау көп ұзамай KeshYOU мен Канье Уэстің концерттерін салыстыруға ауысып кетті.
«Канье – әлемдік жұлдыз»
Желі қолданушыларының бір бөлігі Баян Алагөзованың екі концертті салыстыруын орынсыз деп санаған.
Пікір қалдырған қолданушылардың бірі:
«Оның әншілері қатысқан концерт Канье Уэстің концертіндей табысты болмағанына ашуланып отыр. Бірақ адамдарды оның әншілерін күштеп жақсы көргізіп, тыңдата алмайсың ғой», – деп жазған.
Тағы бір қолданушы продюсердің сын айтылған сайын оны қызғанышпен байланыстыратынын меңзеген.
«Оны сынаған кезде үнемі “маған қызғанышпен қарайды” дейді. Сонда жағдай шынымен соншалықты нашар ма?» – деген пікір қалдырылған.
Кейбір қолданушылар Канье Уэстің әлемдік деңгейдегі әртіс екенін алға тартып, KeshYOU-мен тікелей салыстырудың өзі дұрыс емес деп есептейді.
«Мәселе Канье туралы емес»
Дегенмен Баян Алагөзованы қолдағандар да бар.
Желі қолданушыларының бірі даудың мәні Канье Уэстің өнерін кемсіту емес екенін жазған.
«Енді болжам емес, фактімен сөйлесейік. Баян Канье Уэстің қадірін түсіріп отырған жоқ. Ол өзінің шоуы мен әртістері туралы айтып отыр. Канье – әлемдік жұлдыз, оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ неге өз әртістеріңді мақтан тұту бірден өзгеге қызғаныш ретінде қабылданады?» – деп жазды қолданушы.
Ол әңгіменің ең маңызды тұсы – отшашуға берілген рұқсат екенін атап өткен.
«KeshYOU-ға Алматыда отшашуға рұқсат бермеді, ал Каньеға рұқсат берілді. Сондықтан қалыпты сұрақ туады: неге өзімізге болмайды да, әлемдік жұлдыздарға болады?» – дейді пікір авторы.
Яғни даудың екінші жағында концерттің деңгейінен гөрі, ұйымдастырушыларға қойылатын талаптың бәріне бірдей болуы керектігін көтергендер тұр.
Баянның жауабы одан сайын өткір болды
Алайда пікірталас барысында Баян Алагөзова сын айтқан қолданушыларға өте өткір жауаптар қайтара бастаған.
Продюсер өзімен дауласқандардың жеке парақшалары мен бейнесіз аккаунттарын сынап:
«Менімен дауласып отырғандардың бәрі – тесігі бар нөл. Жүздеріңді көрсетіңдерші. Бет-жүзсіз жаратылыстар», – деген мазмұнда жазба қалдырған.
Ол Францияның Биарриц қаласында демалып жатқанын айтып, желідегі пікірталасқа осынша күш жұмсап отырғанына да наразы болған.
Тағы бір пікірінде продюсер қарсы тарапты «тесігі бар нөл» деп атап, «уақытым көп, жұмақта демалып жатырмын, оның аты – Биарриц» деп жауап берген.
Баян Алагөзова Канье Уэстің діни көзқарастары туралы пікірге де араласып, қарсыласына сарказммен жауап қайтарған. Ал өзімен сөз таластырғандардың біріне жазған жауабының соңында тіпті «Хай Гитлер» деген тіркес қолданған.
Бұл жауаптардан кейін пікірталастың бағыты мүлде өзгерді. Бұған дейін жұрт отандық және шетелдік әртістерге қойылатын талапты талқыласа, енді қолданушылар продюсердің сынға реакциясын сөз ете бастаған.
«Неге сонша ашулысыз?»
Баянға жауап берген қолданушылардың бірі:
«Баян ханым, неге сонша ашулысыз?» – деп сұраған.
Тағы бір пікір иесі әңгіменің Канье Уэстің концертінің ауқымында емес, продюсердің сынға көзқарасында екенін меңзеген.
Осылайша қарапайым ғана «неге KeshYOU-ға отшашуға рұқсат берілмеді де, Канье Уэстке берілді?» деген сұрақ әлеуметтік желіде бірнеше бөлек дауға айналды.
Бір тарап Баян Алагөзованың көтерген мәселесінде негіз бар екенін айтып, заң мен қауіпсіздік талаптары әртістің атағына қарамастан бәріне бірдей қолданылуы керек деп санайды.
Екінші тарап продюсердің KeshYOU мен Канье Уэстің концерттерін салыстыруын қабылдамай, көрермен ықыласын әкімшілік жолмен немесе патриоттық ұранмен қалыптастыру мүмкін емес екенін айтады.
Ал үшінші мәселе – Баян Алагөзованың сынға жауап беру мәнері. Өйткені пікірталас барысында айтылған өткір сөздер бастапқыдағы әлдеқайда маңызды сұрақты – неге бір концертке рұқсат етілген нәрсе екіншісіне тыйым салынғанын – екінші қатарға ығыстырып жібергендей.
