Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына қатысты кезекті бағалауын жариялап, инфляцияны төмендету үшін ақша-несие саясатын қатаң ұстау қажеттігін атап өтті. Қор қаржы жүйесіндегі тәуекелдер әзірге шектеулі деңгейде екенін де хабарлады, деп жазады Democrat.kz.
ХВҚ миссиясы елге 4–17 қараша аралығында келіп, экономикалық жағдайды зерттеген. Қордың қорытынды мәлімдемесіне сәйкес, қатаң ақша-несие саясаты мен қаржылық реттеу шаралары инфляцияның төмендеуіне ықпал еткен.
Қазан айында жылдық инфляция 9,2 пайызды құраған. Бұған теңгенің нығаюы және азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқынының баяулауы да әсер еткен.
Қор инфляцияның біртіндеп төмендеуін күтеді. Дегенмен бағаның тұрақтануы үшін ақша-несие саясатын тым ерте жұмсартпау маңызды екенін ескертеді. Себебі инфляциялық қысымның қайта күшеюі халықтың сатып алу қабілетіне және бизнес шығындарына кері әсер етуі мүмкін.
Инфляцияны төмендету тек базалық мөлшерлемеге байланысты емес. Бюджет шығындары, ішкі сұраныс, импорт бағасы және тауар ұсынысының жеткіліктілігі де баға тұрақтылығына ықпал етеді.