Атырау облысында ауыр отбасылық жағдайды бастан өткерген Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шыққаннан кейін балаларымен қайта кездесті, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода бөлмеге кірген балалардың анасын көре сала «Анашым!» деп жүгіріп барып құшақтаған сәті көрінеді.
Ақбаянның 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы қазір бейімдеу орталығында тұрып жатыр.
Туыстарының айтуынша, балаларымен қайта қауышу оның сауығу кезеңіндегі маңызды қадамдардың бірі болған. Жақындары бұл кездесудің Ақбаянның көңіл күйіне жақсы әсер еткенін айтады.
Қазір ол туыстарының бірінің үйінде, жақындарының қамқорлығында тұрып жатыр.
«Ақбаян өзін қазір жақсы сезінеді. Бірақ толық қалпына келуі үшін уақыт керек. Емдеу мен оңалту шаралары жалғасып жатыр. Мұндай жағдайдан кейін қалыпты өмірге оралу оңай емес, сондықтан жақындарының қолдауы өте маңызды», – дейді туыстары.
Әзірге Ақбаянға ата-анасы мен екі бауырының қайтыс болғаны айтылмаған. Жақындары бұл хабар оның психологиялық жағдайына ауыр әсер етуі мүмкін деп алаңдап отыр. Қайғылы жағдайды қашан және қалай жеткізу мәселесін оның денсаулығы нығайғаннан кейін шешпек.
Туыстарының айтуынша, Ақбаянның ең үлкен тілегі – балаларымен бірге тұрып, қалыпты өмірге оралу.
Отбасы алдағы уақытта баспана мәселесін шешуге «Харекет» қайырымдылық қорынан көмек күтіп отыр. Жақындары Ақбаян толық сауығып, төрт баласымен бірге жаңа өмір бастайды деген үмітте.