Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында отбасындағы ауыр жағдай туралы жазба жариялады. Ол туған ағасының денсаулығы сыр беріп, бірнеше күннен бері уайыммен жүргенін айтты деп жазады Democrat.kz.
Продюсердің сөзінше, ағасының бауыры ауырып, ішіне сары су жиналып, аяғына дейін ісіп кеткен. Алғашында оны екі бірдей емханаға жатқызғанымен, жағдайы күннен-күнге нашарлай берген.
«Өмір болған соң, ақ пен қара бірге жүреді. Бірақ сынып кетпей, жеңіп шығуым керек деген ұранмен өмір сүріп үйренген жанмын. Уайым басқан кезде таңға дейін кірпік қақпай, бір Аллаға жалынып дұға оқимын», деп жазды ол.
Гүлзира Айдарбекова ағайын-туыс, бауырлар мен достарының ағасымен қоштасқандай болып келіп кеткенін де жасырмады. Алайда ол үмітін үзбей, жүрегі соғып тұрса, демі бар болса, мүмкіндік те бар деп сенген.
«Екі күн бұрын жеке клиникаға алып келдім. Бүгін түрі келе бастады. Мақтануға ертерек, сонда да болса қуанып тұрмын», деді продюсер.
Оның айтуынша, ағасы соңғы күндері өлімін күтіп жатқандай күйде болған. Гүлзира Айдарбекова жеңгесінен сағат сайын видео есеп сұрап отырғанын, ал көпшілікке күліп сторис салғанымен, ішіндегі күйзелісін ешкімге білдірмеуге тырысқанын жазды.
«Бүгін ағамның жүзінде күлкі. “Енді өлмейтін болдым ба?” деді. “Иә, өлмейсің” дедім. Алла қабыл етіп, шипа берсін!» деп жазды ол.
Желі қолданушылары продюсердің жазбасына пікір қалдырып, ағасының тезірек сауығып кетуін тілеп, дұға жасап жатыр.