Әлеуметтік желіде кәсіпкер Тұрсын Алагөзовке қарата айтылған видео талқылануда. Видеода Алмасхан деген азамат кезінде "Макси чай" компаниясында жұмыс істегенін, бірақ үйсіз екенін айтып, өтініш жасады деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видео көпшіліктің назарын аударды. Видеодағы азамат белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің компаниясында тасымалдау бөлімінде жұмыс істегенін айтып: "Алматыдан жетіскеннен көшпедік. Үйіміз болмай, қарызға кіріп, банк карталарымыз бұғатталып, ақырында Талдықорғанға көштік.
Кезінде мен компанияда жұмыс істеп жүргенде "бізде мықты бір актер жұмыс істейді" деп Алагөзовке жігіттер айтқан екен мені. Сонда Тұрсын Тұрымұлы "Алматыға барғанда көрсетіп, таныстырыңдаршы сол баламен" деген екен. Алайда сол күйі таныса алмадық.
Алмасхан кәсіпкер Алагөзовтің қайырымдылық бастамаларына тоқталып, астарлы түрде өзіне де баспана мәселесінде көмек көрсетілуін қалайтынын жеткізді.
Автор кәсіпкердің мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүргенін атап өтіп, өзінің де тұрғын үй мәселесі бар екенін меңзейді. Оның сөзінен әзіл мен өкпе аралас көңіл күйді байқауға болады.
Видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі азаматтың өтінішін орынды деп бағаласа, енді бірі қайырымдылықтың ерікті іс екенін айтып, кәсіпкерге қысым жасау дұрыс емес деген пікір білдірді.