«Жатыр түтігін қателесіп алып тастады ма?»: Атбасардағы жүкті әйелдің оқиғасы тексеріліп жатыр

«Жатыр түтігін қателесіп алып тастады ма?»: Атбасардағы жүкті әйелдің оқиғасы тексеріліп жатыр

Атбасар тұрғыны өзіне жатырдан тыс жүктілік деген диагноз қойылып, оң жақ жатыр түтігі алынып тасталғанын, бірақ кейін жүктіліктің қалыпты жалғасып жатқаны анықталғанын мәлімдеді. Қазір ол тоғызыншы айға жақындаған. Аурухана болса операцияға медициналық қауіп болғанын айтып, өз уәжін келтірді деп жазады Democrat.kz.

Ақмола облысының Атбасар қаласында болған медициналық жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Әйелдің айтуынша, 2026 жылдың қаңтарында ол жекеменшік клиникаға УДЗ жасатуға барған. Сол жерде оған 5 апта 6 күндік жатырдан тыс жүктілік деген диагноз қойылған. 

Осыдан кейін пациент Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасына жіберілген.

Әйел өзінің мәлімдемесінде операция алдында екінші рет УДЗ жасалмағанын, ХГЧ талдауы алынбағанын және дәрігерлер консилиумы өткізілмегенін айтады. Келесі күні оның оң жақ жатыр түтігі алынған. 

Оқиғаның ең күтпеген тұсы — әйелдің сөзінше, шамамен бір айдан кейін жүктіліктің жатыр ішінде қалыпты жалғасып жатқаны белгілі болған. Қазір ол жүктіліктің тоғызыншы айына жақындағанын айтады. 

Пациент жағдайдан кейін Денсаулық сақтау басқармасына, медициналық және фармацевтикалық бақылау органдарына, министрлікке және прокуратураға шағымданғанын жеткізді. Оның мәліметінше, тәуелсіз комиссия медициналық көмек көрсету барысында бірқатар бұзушылық анықтаған.

Сондай-ақ Атбасар аудандық полициясы қылмыстық іс қозғап, материалдарды сот-медициналық сараптамаға жібергені хабарланды. 

Бірақ аурухана оқиғаны басқаша түсіндіреді. Медициналық мекеменің дерегінше, 20 қаңтарда әйел жеке клиникадан жатырдан тыс дамымай қалған жүктілік белгілері көрсетілген УДЗ қорытындысымен түскен 

Аурухана өкілдері клиникалық және зертханалық тексеруден кейін жатыр түтігінің жарылуы, ішкі қан кету және геморрагиялық шок қаупіне байланысты шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданғанын айтады. Операция кезінде оң жақ түтіктің үлкейіп, өзгергені байқалған және алынған материал гистологиялық зерттеуге жіберілген. 

Сондықтан дәл қазір «дәрігерлер қателесті» деген түпкілікті қорытынды жасау ерте. Әйелдің шағымы бар, аурухананың қарсы уәжі бар, ал нақты медициналық және құқықтық бағаны сараптама мен тергеу беруі тиіс.

Барлық жаңалықтар