Жетісуда 127 келі заңсыз балық пен Қызыл кітаптағы бекіре тәркіленді

Жетісуда 127 келі заңсыз балық пен Қызыл кітаптағы бекіре тәркіленді

Жетісу облысында полицейлер 127,1 келі заңсыз ауланған балық тасымалдаған үш адамды ұстады. Олжаның арасынан Қазақстанда аулауға тыйым салынған бекіре де табылды, деп жазады Democrat.kz.

Полиция Үштөбе–Көпбірлік тасжолында тіркемесі бар Audi автокөлігін тоқтатқан.

Көлікте Үштөбе қаласының 24, 25 және 41 жастағы үш тұрғыны болған.

Тексеру кезінде көлік пен тіркемеден жалпы салмағы 127,1 келі болатын сазан, сом, ақмарқа, мөңке және бекіре табылды.

Бекіре ерекше мемлекеттік қорғаудағы балықтарға жатады және Қазақстанда оны аулауға тыйым салынған.

Сонымен қатар полиция жалпы ұзындығы шамамен 80 метр болатын төрт капрон торды, моторлы резеңке қайықты, 15 қармақты, ілмектерді, ескектер мен аккумуляторларды тәркіледі.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар Қаратал өзеніне балық аулауға барған және тыйым салынған тор пайдаланған.

Қазір табиғи ресурстарға келтірілген залал есептеліп жатыр. Факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Барлық жаңалықтар