"Жүрегім тыныштық тапты" деген Мөлдір Мұқанова ағынан жарылды

"Жүрегім тыныштық тапты" деген Мөлдір Мұқанова ағынан жарылды

Қазақстандық әнші әрі блогер Мөлдір Мұқан бес баласының арқасында өмірге деген көзқарасы өзгеріп, жаңа дүниелер үйреніп жүргенін айтты деп жазады Democrat.kz.

Өнер иесі ұлы Нұриманмен бірге табиғат аясында демалып, балық аулаған сәттерін әлеуметтік желіде бөлісті.

Мөлдір Мұқан әр баласының қызығушылығы мен таңдауларына құрметпен қарайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бес перзентінің әрқайсысы оған өмірдің жаңа қырларын танытып келеді.

«Әр баламның ойымен санасамын, қызығушылығын, хоббиін сыйлаймын. Не деген бақыт! Мен енді балықшымын. Бес баламнан үйренерім көп екен. Өмір неткен ғажап едің, бес балаларымның арқасында, бес түрлі көзқараспен жан-жақты болып жатырмын. Балаларыммен қатар өзім де өсіп жатыр екенмін», – деп жазды әнші.

Өнер иесі балық аулау әлемі ерекше екенін айтып, бұл тәжірибені сезіну керек екенін жеткізді. Ол ұлы Нұриманның бойынан жауапкершілік, тәртіп және өз шешіміне берік болу қасиеттерін байқағанын айтты.

«Нұриман ұлдарыңыздың үлкен азамат болғанын, шешім қабылдай алатынын, өз ұстанымына беріктігін, мықты тәртібін көріп, жүрегіме тыныштық орнады. Күнделікті таңғы бесте өзі тұрып, қармақ-бауымен жасақталып шыққанының өзі – ерлік пен жігер», – деді Мөлдір Мұқан.

Әнші ұлымен бірге өткізген уақытын ана мен бала арасындағы ерекше байланыс деп бағалаған.

«Нұриманмен өзімді дос сезініп, көңілім бала болып, әңгімелесіп, қазақтың дархан даласындағы бір сәт демалысыммен бөліскенім ғой сіздермен», – деп жазды ол.

Мөлдір Мұқанның жазбасына желі қолданушылары жылы пікір қалдырды. Көпшілік әншінің балалардың қызығушылығын шектемей, олардың қабілетін қолдайтынын жоғары бағалады.

Барлық жаңалықтар