Каспидегі қасірет: Сарбаздарға қатысты барлық мәлімет белгілі болды

Каспидегі қасірет: Сарбаздарға қатысты барлық мәлімет белгілі болды

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу 14 отбасының шаңырағына орны толмас қайғы әкелді. Қаза тапқандардың басым бөлігі — 2005–2007 жылдары туған өте жас әскери қызметшілер. Олардың арасында мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген матростар, сержант және жас офицер бар, деп жазады Democrat.kz.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде теңізге кеткен әскери қызметшілердің қазасы бүкіл елді дүр сілкіндірді.

Алғашқы күні 12 әскери қызметшінің денесі табылды.

Қорғаныс министрлігі жариялаған тізім бойынша олар:

Мәдіхан Азамат Болатбекұлы — 2007 жылы туған, Маңғыстау облысының тумасы, Жаңаөзен қаласында тұрған.

Төлеген Ақылбек Қабенұлы — 2007 жылы туған, Маңғыстау облысы Жармыш ауылының тұрғыны.

Бердіханов Мейрамбек Ермұханұлы — 2006 жылы туған, Жаңаөзен қаласының тұрғыны.

Аяпберген Сержан Талғатұлы — 2006 жылы туған, Маңғыстау облысының тумасы, Ақтауда тұрған.

Мұхтарұлы Олжас — 2003 жылы туған, Түркістан облысының тумасы, Алматы қаласында тұрған.

Темірғалиев Жеңіс Тілеушеұлы — 2005 жылы туған, Батыс Қазақстан облысының тумасы, Ақсай қаласында тұрған.

Көбенов Алмас Жүсіпұлы — 2006 жылы туған, Қарақалпақстанда дүниеге келген, Маңғыстау облысы Баянды ауылында тұрған.

Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы — 2007 жылы туған, Батыс Қазақстан облысының тумасы.

Жаңабай Әсет Саматұлы — 2006 жылы туған, Маңғыстау облысының Шетпе ауылында тұрған.

Бегей Дастан Нұрболұлы — 2007 жылы туған, Жаңаөзен қаласының тұрғыны.

Диханбаев Олжас Тәжібайұлы — 2005 жылы туған, Жаңаөзен қаласында тұрған.

Гилаж Ақжайық Болатбетұлы — 2006 жылы туған, Батыс Қазақстан облысының тумасы, Орал қаласында тұрған.

25 қыркүйек таңында қайғылы тізімге тағы екі есім қосылды.

Сағат 09:15 шамасында үздіксіз іздеу-құтқару жұмыстары кезінде бұған дейін із-түзсіз жоғалған сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды.

Осыдан кейін Қорғаныс министрлігі Каспий акваториясындағы іздеу операциясының аяқталғанын хабарлады.

Осылайша теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тапты.

Үшеуі аман қалды.

Аман қалғандардың бірі ауруханаға жеткізілген болатын. 25 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 2007 жылы туған әскери қызметшінің жағдайы тұрақталған. Ол есін жиып, дәрігерлер бақылауында ем қабылдап жатыр.

Қаза тапқан алғашқы 12 әскери қызметшінің жарияланған туған жылдарына қарағанда, олардың көбі небәрі 19–20 жаста болған. Ең үлкені — 2003 жылы туған Олжас Мұхтарұлы.

Қорғаныс министрлігі жариялаған алғашқы тізімде бір аға лейтенант пен мерзімді әскери қызметтегі 11 матрос болғаны көрсетілді.

Мемлекет басшысының өкімімен олардың қазасына байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Ал қайғылы жағдайдың қалай және не себепті болғанын қылмыстық тергеу анықтап жатыр.

Барлық жаңалықтар