Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне ағып кеткен әскери қызметшілердің бірі — 2007 жылы туған Ақжол Темірәлиевтің жағдайы тұрақталған. Қазір ол өздігінен жүріп, сөйлеп, тамақтана алады. Дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел салдарынан 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Нақтыланған ресми мәлімет бойынша, олардың үшеуі құтқарылған. Солардың бірі — Ақжол Темірәлиев ауруханаға жеткізілген.
Әлеуметтік желілерде сарбаздың денсаулығына қатысты әртүрлі ақпарат тарағаннан кейін оның қазіргі жағдайы туралы жаңа мәлімет жарияланды.
Ақтаулық қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев ауруханада жатқан Ақжол Темірәлиевтің видеосын жариялап, сарбаздың жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Оның сөзінше, Ақжол қазір өздігінен жүріп, тамақтанып, сөйлесе алады.
Бұл ақпаратты медицина өкілдерінің ресми мәліметі де растайды. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әскери қызметші ауруханаға жеткізілгеннен кейін барлық қажетті тексеруден өткен. Қазіргі уақытта ол терапия бөлімінде ем қабылдап, дәрігерлердің тәулік бойғы бақылауында.
Үкіметтік комиссия отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов та сарбаздың жағдайы тұрақты екенін және оның өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеген.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Ақжолдың ата-анасымен бірге отырғаны көрінеді. БАҚ мәліметіне қарағанда, сарбаз есін жиып, қалпына келу кезеңіне көшкен.
Айта кетейік, кейбір ақпарат құралдарында Ақжол Темірәлиевті «қайғылы оқиғадан аман қалған жалғыз сарбаз» деп жазып жатыр. Бұл — дәл емес ақпарат. Үкіметтік комиссияның нақтыланған ресми мәліметінде теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің үшеуі құтқарылғаны, олардың біреуі ғана ауруханаға жатқызылғаны көрсетілген.
Қазір Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.