Қазақстандықтар Threads-те Tele2 тарифін пайдаланғаннан кейін күтпеген қарызға тап болғанын жазуда деп хабарлайды Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде осындай жазба қалдырушының айтуынша, ол шамамен 8990 теңге тұратын тарифті қосқан (акция бойынша — шамамен 5 мың), бірақ біраз уақыт SIM-картаны пайдаланбаған.
"Қазақстандықтар, сіздер ұялы байланыс операторларының айыппұл жазып жатқанын білесіздер ме?» деген желі қолданушы есепшотының минус 5700 болғанын айтады.
Ол абоненттік төлем алынып тасталды деп болжаған. Сөйтсе бұл сома қызметті тұрақты пайдаланбау үшін салынған қарыз ақшасы болып шыққан.
"Бұл SIM картасын пайдаланбағаным үшін салынған айыппұл екен. Бұл енді байланыс емес, қандай да бір микрокредит қой", - деп жазды ол әлеуметтік желілерде.
Желі қолданушы мұндай төлемдерді есептеу шарттары клиенттерге алдын-ала түсіндірілмейтініне және құжаттарда өте ұсақ әріптермен жазылатынына наразылығын білдірді.
"Бүгін сіз нөмірді пайдаланбайсыз. Ертең олар сізге қарыз іледі, сосын коллекторлар есік қаға ма? Тарифке қосылу кезінде мұны неге ескертпейді? Сіздің 100 беттік келісімшартты кім оқиды? Неліктен бұл туралы ескертілмейді? Неліктен адам мұны ең соңында біледі?" деген ол ренішін білдірді.
Бұл жазба әлеуметтік желілерде пікірталас тудырды.
"Жалпы, бұл заңсыз. Олардың алдын — ала төлемі бар: төледі-пайдалануға мүмкіндік алды",
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданыңыз, осындай шарттар тексерілсін",
"Мен ақылы қызметті білмей -ақ қостым, баланс минусқа кетті", - деп жазуда жұрт.
Мұндай жағдайды басынан өткергендер де қарыз болғанын кейін білгенін айтуда.
Tele2 ұялы байланыс орталығы әзірге мәселеге қатысты ресми жауап бермеді.