Қазақстандық мұғалімдер балалардың қауіпсіздігіне арналған электрондық жүйелердің көбейгеніне наразылық білдіріп жатыр. «Балажан» платформасын толтырумен әлек болған педагогтерге енді «Бала қорған» жүйесі қосылған. Бір мұғалім екі платформаны қатар толтырып жүргенін айтса, енді бірі тапсырманың кешке беріліп, келесі күні орындалуы талап етілетініне шағымданды. Балаларды қорғауға арналған жүйелер ұстаздарды қағазбастылықтан құтқарудың орнына жаңа әуреге салып жатқан жоқ па, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде мұғалімдердің жаңа цифрлық платформаларға қатысты кезекті наразылығы жарияланды.
Жазба авторы «Балажан» платформасынан кейін «Бала қорған» жүйесінің енгізілгенін айтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге арналған бастамалардың керісінше қосымша міндетке айналып жатқанын жеткізген.
«Мұғалімдерге
Қазанда балажан деп едік,енді бала қорған,недеген бітпейтін платформалар », – деп жазған ол.
Бұл жазбаға пікір білдірген мұғалімдер жаңа жүйелерді толтыруға қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Кеше тапсырды, бүгін 100 пайыз толтырыңдар деді»
Жазба авторы пікірлердің бірінде мектепке жаңа тапсырманың қалай келгенін түсіндірген.
«Тура Балажан сияқты оқушыларды тіркейміз,кеше келді бізге,бүгін тіркеңіздер деп жатыр 100% мектеп бала санымен тіркесін деп айтты», – дейді ол.
Тағы бір пікірінде «Балажан» платформасындағы мәліметтерді толтырып қойғанын жеткізген.
«Балажанда бізде бәрін толтырып қойғанбыз», – деп жазған мұғалім.
Яғни педагогтердің сөзінше, бір жүйеге енгізілген оқушылар туралы мәліметтерді енді басқа платформаға қайта тіркеу қажеттігі туындаған.
Осы тұста маңызды сұрақ бар: егер оқушылардың деректері мемлекеттік ақпараттық жүйелерде сақталған болса, оларды неге әр платформаға қайта енгізу қажет?
«Бір мәліметті қайта-қайта толтырамыз»
Пікір білдірген педагогтердің бірі бірнеше жүйені қатар толтырып жүргенін айтып, наразылық танытқан.
«Бала қорғаны мен балажанды қатар толтырдық біз. Біреуі прокуратуранікі, біреуі министерствонікі. Бітпейтін платформа. Бәріне енгізіп жатқанымыз бір мәлімет айналдырып», – деп жазған ол.
Тағы бір мұғалім:
«Тіркеу керек деп кімде келді, сол мамандар тіркеу керек қой, как всегда сынып жетекшіге лақтырады олар “ойбай доступ бердік, болыңдар да болыңдар” деп», – деген.
Бұл пікір мектептердегі міндеттерді бөлудің тағы бір мәселесін көрсетеді.
Мұғалімдердің айтуынша, жаңа жүйеге тіркеу жұмысы алдымен мектеп әкімшілігіне, тәрбие ісіне жауапты қызметкерлерге, әлеуметтік педагогтер мен психологтерге тапсырылғанымен, ақырында сынып жетекшілерінің мойнына жүктеледі.
Жазба авторы да бұл жағдайды растаған.
«Директор
Тәрбие
Соц
Психологтарға,сосын сынып жетекшілерге деді», – деп жауап берген ол.
Бұдан әр мектепте міндеттердің қалай бөлінетіні және жаңа платформаны толтыруға нақты кім жауапты екені туралы сұрақ туындайды.
«Жұмысты жеңілдетеміз деп еді»
Мұғалімдердің бірі цифрландырудың бастапқы мақсатын еске салған.
«Жұмысты жеңілдетеміз деп еді», – деп жазған ол.
Ал келесі оқырман жаңа платформалардың енгізілуін мысқылдап:
«Бүкіл оқу жылы қағаздан көз ашпадық,отчет платформа ,анда тіркеу ,мында тіркеу зб», – деген пікір қалдырған.
Тағы бір азамат мәселені әжуаға айналдырған.
«Бұл қағазбастылықтың алдын -алуға арналған сайт. Алдағы келер жылы барлық әлеуметтік паспортты, психологтардың сауалнамаларын бәрін осыларға толтыратын шығармыз», – деп жазған ол.
Бұл пікірлер педагогтердің жаңа технологияларға қарсы екенін білдірмейді.
Олардың наразылығы бір ақпаратты бірнеше рет енгізу, тапсырмалардың шұғыл берілуі және негізгі жұмыстан тыс міндеттердің көбеюіне байланысты.
«Балажан» шынымен мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге тиіс еді
Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылғы 15 қазанда «Балажан» мемлекеттік цифрлық платформасының енгізіліп жатқанын хабарлаған.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл жүйе ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларды ерте анықтауға арналған.
Ең маңыздысы, ведомство жаңа платформа балалар мен олардың отбасылары туралы қосымша мәлімет жинауды талап етпейтінін мәлімдеген.
Бұрын әртүрлі құжатта сақталған ақпарат бір жүйеге біріктіріліп, мәліметтер бір рет енгізілуі, кейін қажет болғанда ғана жаңартылуы тиіс.
Алайда мұғалімдердің әлеуметтік желідегі шағымдары бұл мақсаттың іс жүзінде қаншалықты орындалып жатқанына күмән туғызады.
Бұған дейін де педагогтер «Балажан» жүйесін толтыру үшін демалыс күндерін жұмсағанын, тіпті түнге дейін жұмыс істегенін айтқан.
«Бала қорған» қандай жүйе?
«Балажан» мен «Бала қорған» атауы ұқсас болғанымен, оларды бір платформа деп қабылдауға болмайды.
2026 жылғы тамызда Батыс Қазақстан облысында прокуратураның бастамасымен BalaQorgany AI цифрлық жүйесі таныстырылған.
Оның мақсаты — мектептер мен колледждердегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты қатерлерді ерте анықтау.
Жүйеде сауалнама, мектепішілік есеп, жедел хабарлау және басқа да бақылау тетіктері қарастырылған.
Ал «Балажан» Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті енгізіп жатқан мемлекеттік платформа ретінде таныстырылды.
Дегенмен әлеуметтік желідегі жазбада көрсетілген «Бала қорған» жүйесінің дәл осы өңірлік BalaQorgany AI жобасымен бірдей екені, сондай-ақ оның барлық мектепке міндетті түрде енгізілгені әзірге нақты расталған жоқ.
Сондықтан екі жүйенің қызметі мен оларды енгізу тәртібін жауапты мекемелер нақты түсіндіруге тиіс.
Балаларды қорғау үшін мұғалім қанша платформа толтыруы керек?
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу және қиын жағдайға тап болған оқушыларды дер кезінде анықтау — маңызды міндеттер.
Бірақ мұндай жұмыстарды цифрландыру педагогтің негізгі қызметін екінші орынға ығыстырмауға тиіс.
Егер бірнеше мемлекеттік мекеме бір баланың мәліметін әртүрлі жүйеге енгізуді талап етсе, бұл ақпараттық жүйелердің өзара байланысы қаншалықты жолға қойылған деген сұрақ туындайды.
Ең бастысы, жаңа платформаларға жұмсалатын уақыт қалай есептеледі?
Мұғалім баланың мәліметін тіркеуге, сауалнамаларды толтыруға және есеп тапсыруға қанша уақыт жұмсайды? Сол уақыт оның сабаққа дайындалуына, оқушылармен жеке жұмыс істеуіне кедергі келтірмей ме?
Ал жаңа жүйені енгізу туралы тапсырма кешке беріліп, келесі күні толық орындалуы талап етілсе, мұндай жұмысты ұйымдастырудың тиімділігі қандай?
Бұл мәселелерге нақты жауап қажет.
Балаларды қорғау жүйесінің тиімділігі мұғалімдердің қанша электрондық кесте толтырғанымен емес, қауіпке тап болған балаға қаншалықты дер кезінде көмек көрсетілгенімен өлшенуге тиіс.
Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі мен балалардың қауіпсіздігіне жауапты мемлекеттік органдарға қойылатын негізгі сұрақ мынау: егер цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдету үшін енгізілсе, неге педагогтер бір мәліметті бірнеше платформаға қайта енгізуге мәжбүр екенін айтып отыр?
Мұғалімнің міндеті — балаларды оқыту, тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігіне өз құзыреті шегінде жауапкершілікпен қарау.
Ал баланы қорғау үшін құрылған ақпараттық жүйелер мұғалімге тағы бір ауыртпалық емес, нақты көмекші құрал болуы керек.