Қазақстандық педагог Гүлжазира Бекболатқызы екі министрлік пен Ұлттық білім академиясының білімді бағалауға қатысты ұстанымдарындағы қайшылықты өткір сынға алды. Оның айтуынша, бастауыш сыныптарда баланың сыни ойлауын дамытуға мүмкіндік беретін БЖБ мен ТЖБ алынып тасталғанымен, жоғары сынып түлектерінен ҰБТ кезінде күрделі аналитикалық дағдылар талап етілмек. Мұғалім бұл шешімдердің ғылыми негізі мен өзара сабақтастығына күмән келтірді. Жазба астында өзге педагогтер де пікір білдіріп, мәселенің тағы бір қырын ашты, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде педагог Гүлжазира Бекболатқызының «Екі министрлік, бір «цирк» және ҰБА-ның «жұмбақ зерттеуі»» атты жазбасы білім саласындағы маңызды қайшылықты қозғады.
Мұғалімнің сыны Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының оқушылардың білімін бағалауға қатысты шешімдеріне бағытталған.
Автордың пайымдауынша, бір мекеме бастауыш сыныптарда жиынтық бағалауды алып тастаса, екіншісі жоғары оқу орнына түсу емтиханында оқушылардың аналитикалық және сыни ойлау дағдыларын тексеруге басымдық бермек.
Ал бұл өзгерістердің өзара байланысы мен ғылыми негіздемесі мұғалімге түсініксіз болып отыр.
«Бірі БЖБ-ны құртады, екіншісі ҰБТ-ны өзгертпек»
Гүлжазира Бекболатқызы жазбасын білім саласындағы мекемелердің өзара үйлесіміне күмән келтіруден бастаған.
«Біздегі білім беру жүйесі – нағыз екі актілі комедиялық театр. Бірінші актіде – Оқу-ағарту министрлігі (Жұлдыз Досбергенқызының ведомствосы) пен оның жанындағы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы (ҰБА) бастауыштағы БЖБ мен ТЖБ-ны «жоямыз» деп жүйенің күлін көкке ұшырып жатса, екінші актіде – Ғылым және жоғары білім министрлігі (Саясат Нұрбектің ведомствосы) ҰБТ-ны «түбегейлі өзгертпекпіз» деп шабыттанып отыр. Екі ведомство мен академия бір елде өмір сүрмейтін сияқты: бірі арқанды тартса, екіншісі үзді», – деп жазған педагог.
Автор өзгерістердің өзіне түбегейлі қарсы емес. Оның басты наразылығы — білім беру жүйесінің әр сатысында қойылатын талаптардың бір-бірімен қаншалықты үйлесетініне байланысты.
Ол ҰБТ-ның жаттанды білімді тексеруден гөрі оқушының түсіну, талдау және пайымдау қабілетін бағалауға бағытталуын дұрыс қадам деп санайды.
Алайда дәл сол дағдыларды бастауыштан қалыптастыру мәселесіне келгенде сұрақ көп екенін айтады.
«Күні бойы диктант жаттап, мәтінді сол күйінде көшірген бала ертең сыни ойлауды қайдан алады?»
Гүлжазира Бекболатқызының жазбасындағы ең өткір тұжырым осы мәселеге қатысты.
«Иә, ҰБТ-ның форматы заман талабына сай өзгеріп, тест жаттандылықтан арылуы тиіс екеніне ешкім қарсы емес. Бұл – дұрыс қадам!
Бірақ қалайша?
Оқу-ағарту министрлігі мен ҰБА бастауыштағы оқушының сыни ойлауын дамытатын БЖБ мен ТЖБ-ны жұлып алып, барлық нәрсені ескі сүрлеуге – жаттанды диктант пен мазмұндамаға тіреп қойды. Бұның сұрауы кімнен? Ұлттық білім академиясы бастауыштан БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастайтын ғылыми қандай түпкілікті зерттеу жүргізді?», – деп сұрайды мұғалім.
Автор осыдан кейін білім жүйесіндегі сабақтастық мәселесін көтереді.
«Енді сұрақ туындайды:
Күні бойы диктант жаттап, мәтінді сол күйінде көшірген бала ертең жоғары жақтағылар талап етілетін «сыни тұрғыдан ойлауды» қайдан алмақ?Төменде жаттандылықтың тамырына қан жүгіртіп қойып, жоғарыда ҰБТ-дан «аналитикалық дағды» талап ету – қандай логика? Ведомстволар бір-бірінің не істеп жатқанынан мүлде хабарсыз ба, әлде бұл арнайы ұйымдастырылған квест пе?», – деп жазған ол.
Мұғалімнің бұл сөздері екі мәселені қатар көтереді.
Біріншісі — бастауыш сыныптағы бағалау жүйесін өзгерту қандай зерттеулер мен дәлелдерге негізделген?
Екіншісі — мектептің бастауыш және жоғары сатыларында оқушыдан талап етілетін білім мен дағды арасында сабақтастық сақтала ма?
Дегенмен БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастаудың өзі сыни ойлау дағдылары міндетті түрде жойылады дегенді білдірмейді. Сыни ойлау тек жиынтық бағалау арқылы қалыптаспайды. Ол сабақ мазмұнына, тапсырмалардың сипатына және оқыту әдістемесіне де байланысты.
Сондықтан негізгі мәселе — жиынтық бағалаудың орнына қандай тәсіл енгізілетіні және оның нәтижелілігі қалай тексерілетіні.
«Оқушыны да, ұстазды да статистикалық эксперименттің құрбаны етіп қойды»
Гүлжазира Бекболатқызы білім саласындағы өзгерістердің жиілігі мен шешім қабылдау тәртібін де сынаған.
Ол ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының педагогика туралы тұжырымын еске салып, баланың білімді дайын күйінде алмай, тәжірибе арқылы меңгеруіне жағдай жасау қажеттігін алға тартады.
Автордың пікірінше, білім жүйесіндегі жаңалықтар ең алдымен оқушының даму ерекшеліктеріне, педагогикалық тәжірибеге және ғылыми зерттеулерге сүйенуге тиіс.
«Ал біздің ҰБА мен министрліктер баланың «әліне шағындап», тәжірибе жасап оқуына мүмкіндік бермей, қандай зерттеуге сүйенгені белгісіз, кабинеттен шешім шығарып, оқушыны да, ұстазды да тек статистикалық эксперименттің құрбаны етіп қойды», – деп жазған ол.
Бұдан кейін педагог Ғылым және жоғары білім министрлігінің ҰБТ форматын өзгерту бастамасына қайта оралады.
«Ал біздегі жауапты орындар үшін бұл «конструктивті процесс» орнына әр маусым сайын бір-біріне қарама-қайшы шешім қабылдайтын полигонға айналғаны қашан? ҰБТ өзгергені әрине жақсы, бірақ ҰБА мен Оқу-ағарту министрлігі бастауыш пен орта буындағы «диктанттық» тоқырауды жоймай тұрып, жоғарыда жасалған өзгерістердің бәрі суға салған суреттей болары анық», – деген тұжырым жасайды.
Автор жазбасының соңында Ұлттық білім академиясының зерттеу жұмыстары мен министрліктердің шешімдері қашан біртұтас жүйеге айналатынын сұраған.
«БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастауды қолдаймын, бірақ...»
Гүлжазира Бекболатқызының пікіріне жазба астында қарсы уәж айтқан мұғалімдер де бар.
Олардың бір бөлігі БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастауды дұрыс шешім деп есептегенімен, бұрынғы дәстүрлі оқыту тәсілдерін толық қайтаруды қолдамайды.
Бір педагог:
«Бастауыш және 5,6- сыныптарды бұрынғы әдіспен оқыту керек.Диктант,мазмұндама,ереже,талдау,шығарма,мазмұнын айту- бәрі бағынша. Тек осындай теориялық білімді бала 7- сыныпта қиналмай аналитикалық талдау жасай алады», – деп жазған.
Бұл пікірдің мәні — оқушының аналитикалық қабілетін дамыту үшін ең алдымен берік тілдік және пәндік негіз қалыптастыру қажет деген ұстаным.
Ал тағы бір мұғалім:
«10 жылға таяп қалды, сыни ойлауға үйренген баланы аз көрдім. Бұрынғы дәстүрлі сабақта қалай ойласа, қазіргі сыни ойлау деңгейі де содан асып жатқаны шамалы», – деп жазған.
Ол мазмұндама мен диктанттың маңызын төмендетуге болмайтынын айтып, олардың оқушының есте сақтау және сауатты жазу дағдыларын қалыптастырудағы рөлін қорғаған.
Мұндай пікірлер Гүлжазира Бекболатқызы көтерген мәселеге басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді.
Өйткені диктант пен мазмұндама өздігінен ескірген немесе пайдасыз әдістер емес. Оларды қалай қолданатынына қарай оқушының сауаттылығын, мәтінді түсінуін және ойын жүйелеуін дамытуға болады.
Ал сыни ойлауға бағытталған тапсырмалардың өзі сапасыз әзірленсе, күткен нәтижені бермеуі мүмкін.
«Мұғалімдер тапсырманы бір-бірінен сатып алады»
Пікірталаста БЖБ мен ТЖБ-ның өткізілу сапасына қатысты да мәселе көтерілген.
Бір оқырман:
«БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын әр мұғалім өзі дайындап, оқушының бірнеше критерийлер бойынша сауаттылығына баға бере алатындай етіп өткізуі тиіс болатын. Ал сайып келгенде, тапсырмаларды сырттан іздеп, чаттарда бір бірінен сатып алу белең алғаны жасырын емес», – деп жазған.
Бұл — назар аударуды қажет ететін сын.
Өйткені жиынтық бағалау жүйесінің тиімділігі оның атауында немесе тапсырмалардың санында емес, оқушының нақты білімін қаншалықты әділ анықтайтынында.
Егер бағалау тапсырмалары дайын күйінде көшіріліп, олардың мазмұны оқушылардың қабілетіне сәйкестендірілмесе, БЖБ мен ТЖБ өзінің бастапқы мақсатына толық жете алмауы мүмкін.
Демек, кейбір мұғалімдер мәселенің шешімін жиынтық бағалауды сақтаудан емес, тапсырмалар сапасын және бағалау әдістемесін жетілдіруден іздеп отыр.
Бастауыштағы өзгеріс пен ҰБТ реформасы қалай үйлеседі?
Гүлжазира Бекболатқызының жазбасындағы басты мәселе БЖБ мен ТЖБ-ны міндетті түрде сақтап қалу туралы талап емес.
Ол бастауыш мектепте енгізілетін өзгерістер мен жоғары сынып түлектерінен күтілетін нәтижелердің арасындағы байланысты нақтылауды сұрап отыр.
Жаңа ҰБТ туралы жарияланған ақпаратта пәндік тест тапсырмаларын жаңарту және оқушылардың дағдыларын бағалау көзделгені айтылған.
Атап айтқанда, сыни ойлау, академиялық жазу мен зерттеу дағдылары, коммуникация, жасанды интеллектіні пайдалану сауаттылығы, сандық және цифрлық сауаттылық, креативті ойлау бағыттарына назар аударылмақ.
Бірақ бұл дағдыларды бағалайтын жаңа форматтың барлық талаптары толық бекітілді деп айтуға әзірге негіз жоқ.
Оның үстіне, оқушының мұндай қабілеттері тек жоғары сыныпта қалыптаспайды. Олар бастауыштан бастап жүйелі түрде дамытылуға тиіс.
Сондықтан білім саласындағы екі министрліктің және Ұлттық білім академиясының шешімдері өзара үйлесуі маңызды.
Егер бастауыш мектепте оқыту мен бағалау тәсілдері өзгерсе, оның орта және жоғары сыныптардағы білім нәтижесіне қалай әсер ететіні алдын ала зерттелуі қажет.
Ал жоғары оқу орнына түсу емтиханы жаңа дағдыларды талап етсе, сол дағдыларды қалыптастыруға мектептің барлық сатысында жағдай жасалуға тиіс.
Екі министрліктің шешімі бір оқушының тағдырында тоғысады
Білім жүйесіндегі өзгерістерді әр мекеме өз құзыреті шегінде қабылдайды. Бірақ олардың нәтижесін бір ғана оқушы сезінеді.
Бүгін бастауыш сыныпта оқып жүрген бала бірнеше жылдан кейін жоғары оқу орнына түсу емтиханын тапсырады.
Оның білім алуы жеке-жеке реформаларға бөлінгенімен, баланың дамуы үздіксіз жүретін үдеріс.
Сондықтан БЖБ мен ТЖБ-ны өзгерту немесе ҰБТ-ны жаңарту өздігінен жетістік саналмайды. Ең маңыздысы — осы шешімдер оқушының білімін, сауаттылығын және ойлау қабілетін қаншалықты жақсартатыны.
Гүлжазира Бекболатқызы көтерген сынның өзегі де осында.