"Келе жатыр!": Мектептерге тексеру комиссиясы не үшін келеді?

"Келе жатыр!": Мектептерге тексеру комиссиясы не үшін келеді?

Мектептерге әдістемелік көмек көрсетуге келетін комиссиялардың жұмысына қатысты мұғалімдер арасында наразылық туындады. Ұстаздардың айтуынша, қолдау көрсетуі тиіс мамандар іс жүзінде құжат тексеріп, кемшілік тіркеумен шектеледі, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада мектептердегі әдістемелік көмек пен тексерудің ара-жігі туралы маңызды мәселе көтерілді.

«ӘДІСТЕМЕЛІК КӨМЕК ПЕ, ӘЛДЕ КЕМШІЛІК ІЗДЕУ МЕ? Бір нәрсені түсінбеймін. Мектепке «әдістемелік көмек көрсетуге келдік» деп келетін комиссия неге соңында кемшіліктерді тізіп, анықтама жазып кетеді? Әдістемелік көмек дегеніміз не өзі?» – дейді жазба авторы.

Оның пікірінше, әдістемелік көмектің мақсаты мұғалімнің қатесін тіркеу емес, кәсіби тұрғыдан қолдау көрсету, тәжірибе алмасу және қиындықтарды бірлесіп шешу болуы керек.

«Ал іс жүзінде не болып жатыр? Келеді, құжат қарайды, кемшілік іздейді», – деп жазды ол.

Жазба астындағы пікірлерден де мұғалімдердің бұл мәселеге алаңдайтыны байқалады.

«Сол ғой, бізге директор айтатын, көмек деген аты, негізгі мақсаттары тексеру деп, олардан көмек күтпей, қағаздарыңды дұрыстап жинақтап отырыңдар деп», – дейді пікір білдірушілердің бірі.

Тағы бір ұстаз тексерушілердің құжат мазмұнынан гөрі оның бар-жоғына назар аударатынын алға тартқан.

«Тексеретіндердің біразы тек тізіммен тексереді. Ішкі мазмұнын кейбірінің өздері де білмейді», – деп жазды ол.

Ал басқа пікірде әдістемелік көмектің атауы ғана өзгеріп, бұрынғы тексеру тәсілі сақталғаны сыналған.

«Сосын тексеру емес «зерделеу» деп атап алғандарын қайтейіз?» – дейді желі қолданушысы.

Бұл пікірлер білім беру жүйесіндегі маңызды қайшылықты көрсетеді. Мұғалімнің кәсіби дамуына жағдай жасау үшін ұйымдастырылатын жұмыс оның бойында қолдау сезімін емес, кезекті тексеруден қорқуды қалыптастырса, мұндай шараның тиімділігіне күмән туады.

Әрине, мектеп құжаттарының жүргізілуін бақылау қажет. Алайда әдістемелік көмек пен бақылаудың мақсаты, тәртібі және нәтижесі бір-бірінен айқын ажыратылуға тиіс.

Осы тұста Оқу-ағарту министрлігі мен өңірлік білім басқармаларына бірнеше сұрақ туындайды: мектептерге әдістемелік көмек көрсетуге барған комиссиялар нақты қандай кеңес береді? Мұғалімдерге кәсіби қиындықтарын шешуге жәрдемдесе ме? Әлде олардың жұмысы кезекті кемшіліктер тізімін жасаумен аяқтала ма?

Мұғалімге көмек көрсету мен мұғалімнен мін іздеу – екі бөлек міндет. Білім саласындағы жауапты мекемелер осы айырмашылықты іс жүзінде қамтамасыз етпейінше, «әдістемелік қолдау» деген сөз ұстаздардың сеніміне ие болуы қиын.

Барлық жаңалықтар