"Келін - тегін қызметші емес": Танымал адвокат мәлімдеме жасады

"Келін - тегін қызметші емес": Танымал адвокат мәлімдеме жасады

Адвокат Жанна Оразбақова әлеуметтік желідегі парақшасында әйелдің отбасындағы орны, ерте тұрмыс құру және қаржылық тәуелсіздік мәселесін көтерді. Оның пікірінше, қоғамда келіннен бәріне қызмет етуді талап ететін түсінік әлі де сақталып отыр, деп хабарлайды Democrat.kz.

Заңгер кейбір әйелдер үшін неке бақыт пен серіктестіктің емес, «күн сайын аман қалуға тура келетін майданның» кейпіне айналғанын жазды.

Ж.Оразбақова әсіресе тойларда жас келінге айтылатын дәстүрлі тілектерге қарсы екенін ашық жеткізді.

«Келінге “ақылды бол, шыда, ата-енеңді тыңда, таңғы алтыда тұрып, қонақтардың көңілін тап, күйеуіңнің ата-анасына қара, үйге келгендердің бәріне қызмет ет” деген мазмұндағы тілектерді естігенде, мұның қисынсыздығына таңғаламын», – деп жазды адвокат.

Оның пікірінше, неке әйелді тегін аспаз, үй қызметшісі, бала күтуші немесе күйеуінің егде жастағы ата-анасына қарайтын адамға айналдырмауы керек.

«Отбасы қызмет көрсететін персонал алу үшін құрыла ма? Әйел үнсіз бәрінің көңілін тауып, тамақ дайындап, елу қонақты күтіп, күні бойы үй шаруасымен айналысып, кешке күйеуін күлімдеп қарсы алуы керек пе?» – дейді ол.

Адвокат некені екі ересек адамның тең одағы ретінде қабылдау қажет деп есептейді.

«Неке – бір-бірін жақсы көретін, алға қойған мақсаттарына бірге жететін екі ересек адамның серіктестігі емес пе? Егер әйел әу бастан үнсіз реквизит немесе ақысыз жұмыс күші ретінде қабылданса, мұндай некенің не қажеті бар?» – деп жазды Оразбақова.

Заңгер жас қыздардың мектепті аяқтай сала тұрмысқа шығуына да қарсы пікір білдірді. Оның ойынша, әйел отбасын құрмас бұрын білім алып, жұмыс тәжірибесін жинап, өз табыс көзіне ие болуы керек.

Тіпті Оразбақова қыздың жеке жинағы да болғанын дұрыс көреді.

«Некеге есейген кезде, білімің, еңбек өтілің, жеке табысың және бірнеше миллион теңгелік депозитің болғанда барған жөн. Күйеуіңе бірдеңе болып қалса, үш балаңмен де өзіңді асырай алуың керек», – дейді адвокат.

Оның айтуынша, әйелдің білімнен және жұмыстан толық бас тартып, қаржылық жағынан күйеуіне тәуелді болуы оны осал жағдайға түсіреді.

«Ешкім күтпеген жағдайдан сақтандырылмаған. Онда неге қыз әу бастан қорғансыз жағдайда болуы керек? Неге тұрмысқа шыққан соң білімінен, жұмысынан бас тартуы тиіс? Оның ертеңгі күніне қандай кепілдік бар?» – деп түйіндеді Жанна Оразбақова.

Адвокаттың жазбасы қоғамдағы «келіннің міндеті қай жерден аяқталып, ерлі-зайыптылардың ортақ жауапкершілігі қай жерден басталады?» деген ескі дауды қайта қозғады.

Барлық жаңалықтар