Марқұм Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты дерек шықты

Марқұм Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты дерек шықты

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты деп жазады Democrat.kz.

Ведомствоның мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы Ербаян Мұхтардың өмірін сақтап қалу үшін күрескен. Алайда ауыр бас-ми жарақатының салдарынан ми қызметінде қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқасты аман алып қалу мүмкін болмаған.

Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді, – делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ербаян Мұхтар ем қабылдау үшін Түркияға жіберілген. Онда дәрігерлер бұрын қойылған диагнозды растаған. Мәліметке сәйкес, 2026 жылдың маусым айында негізгі сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар пайда болып, сепсис пен көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған. 23 маусым күні сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді.

Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды. Науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілді. Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының жан сақтау бөлімшесіне кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды, – делінген хабарламада.

Еске салайық, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар 23 жасында өмірден өтті. Көзі тірі болғанда ол 27 маусым күні 24 жасқа толар еді.

Барлық жаңалықтар