Меккедегі жағдай: Бағжан Октябрь кешірім сұрап, ескерту жасады

Меккедегі жағдай: Бағжан Октябрь кешірім сұрап, ескерту жасады

Қажылық сапармен Меккеде жүрген танымал виолончелші Бағжан Октябрь әлеуметтік желіде қызу талқыланған видеосына қатысты пікір білдіріп, ескерту жасады деп хабарлайды Democrat.kz.

Музыкант TikTok желісіне көңілді клубтық әуенмен түсірілген бейнежазба жүктеп, көпшіліктің наразылығына тап болған. Желідегі сыннан кейін өнер иесі Threads парақшасында түсініктеме жазып, жұрттан кешірім сұрады.

«Threads-та бір сәтте жауыз болып шыға келіппін… Егер біреудің көңіліне тиген болсам, кешірім өтінемін. Алда тағы екі күнім бар. Телефонымды чемоданға салып, өзіммен оңаша қалып, дұға жасап жалғастырғым келеді», – деп жазды ол.

Бағжан бұл жағдайды өмірлік сабақ ретінде қабылдайтынын да жасырмады.

«Ешқандай жаман ойсыз, күнделікті қолданатын TikTok дыбысына видео салған едім. Ұйқыдан оянсам, үлкен дау туып кетіпті. Бір сәтте күнәһар, тәкаппар, жауыз атанып шыға келдім. Мүмкін, қателескен шығармын – оны мойындаймын. Егер солай болса, жауапкершілігін өз мойныма аламын. Ешқашан ешкімге қиянат жасаған емеспін, жәндікке де зияным тиген жоқ. Мұның бәрін сынақ деп қабылдаймын. Осындай сәттерде адам шыңдалады», – деп түйіндеді музыкант.

Сонымен атар музыкант өзінің атын қолданып, хайп жинағандарға ескерту де жасады. 

"Бүгін менің атымды қолданып, тредсте көөп лайк жинағысы келіп жаман сөздермен жалған ақпарат таратып, рұқсатымсыз фото/видео қолданған кейбір адамдар үшін - Мен және менің Адвокатым сотқа жіберген шағыммен оянады.Ешкімді қорқытып тұрған жоқпын. Ешкімге де ашулы емеспін. Әрнәрсенің шегі бар, бірақ әрбір адам өз сөзіне/іс әрекетіне жауапты болуы керек" деп жазды Бағжан Октябрь.

Барлық жаңалықтар