Әлеуметтік желіде мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының өз мектебінде қанша сағат сабақ бере алатыны қызу талқыланып жатыр. Тараған жазбада «директор 8 сағаттан артық алса, арыз жазыңыз» делінген. Қолданыстағы нормаларды тексерсек, мәселенің негізі бар: мемлекеттік мектеп басшысы мен оның орынбасарына негізгі лауазымынан бөлек нормативтік оқу жүктемесінің 50 пайызынан аспайтын қосымша сабақ беруге жол беріледі. Орта білім ұйымдарындағы нормативтік жүктеме 16 сағат болғандықтан, бұл әдетте аптасына 8 сағатқа тең, деп жазады Democrat.kz.
Қолданыстағы қағидаларда мемлекеттік білім беру ұйымының басшысы мен оның орынбасары бір ставкада жұмыс істеген жағдайда қосымша оқу жүктемесі нормативтік жүктеменің 50 пайызынан аспауға тиіс екені көрсетілген. Орта мектеп педагогі үшін нормативтік апталық оқу жүктемесі 16 сағат болғандықтан, директор немесе оның орынбасары үшін қалыпты шек – 8 сағат.
Бірақ мұнда маңызды бір ерекшелік бар.
Өндірістік қажеттілік туындаса, мысалы пән мұғалімі уақытша жұмысқа шықпаса, қажетті маман табылмаса немесе оқу жоспарын басқаша бөлу мүмкін болмаса, басшыға немесе орынбасарына 0,5 жүктемеден артық сабақ берілуі мүмкін. Мұндай жағдайлар ерекше негізбен рәсімделуге тиіс.
Сондықтан әлеуметтік желідегі «директор 8 сағаттан артық алса, бұл 100 пайыз заңбұзушылық» деген тұжырымды абсолютті ереже ретінде қабылдау дұрыс емес. Жалпы тәртіп бойынша 8 сағаттан артық берілмеуі тиіс, бірақ заңнамада өндірістік қажеттілікке байланысты ерекшелік қарастырылған.
Оқу жүктемесін бөлуге қатысты тағы бір маңызды талап бар.
Қағидаларға сәйкес, шағын жинақты мектептерден басқа жағдайда бос пән сағаттары бірден мектептегі мұғалімдер арасында бөліне бермеуге тиіс. Ал оқу жылының басында бос орынға маман табылмаса, кейін мұндай сағаттар уақытша басқа педагогтерге берілуі мүмкін. Егер бос сағат саны сегізден аспаса, оларды жүктемесі 1,5 ставкаға жеткен бірнеше педагог арасында бөлуге де жол беріледі. Бірақ бұл норма мектеп басшысы мен оның орынбасарына қолданылмайды.
Яғни директордың немесе орынбасардың өзіне қосымша сағат жазып алуы кезінде «мектепте бұл пәннен басқа мұғалім бар ма?», «бос сағат қалай пайда болды?», «сағаттарды бөлу қандай негізбен жүргізілді?» деген сұрақтардың жауабы маңызды.
Оқу-ағарту саласындағы сапаны қамтамасыз ету органдары да оқу жүктемесін әділ бөлу жауапкершілігі мектеп басшысына жүктелетінін түсіндіреді. Сағаттарды бөлу кезінде педагогтің біліктілігі, мамандығы мен тәжірибесі ескерілуі керек. Жүктеме оқу жылы басталғанға дейін белгіленіп, еңбек шартында көрсетіледі.
Сондықтан мұғалім өзінің пәні бойынша сағат жетпей отырған кезде мектеп директоры немесе орынбасары сол пәннен көп жүктеме алып қойғанын байқаса, ең алдымен тарификациялық тізімді, оқу жүктемесін бөлу туралы бұйрықты және еңбек шартына енгізілген өзгерістерді сұратуға құқылы.
Егер 8 сағаттан артық жүктеме берілсе, оның қандай «өндірістік қажеттілікке» байланысты рәсімделгенін де нақтылауға болады.
Құжаттардан негізсіз артық жүктеме анықталса, педагог мектеп директорына, білім бөліміне немесе Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне жазбаша өтініш бере алады.
Бұл жерде мәселе директордың сабақ беруіне тыйым салуда емес. Мәселе – мектептегі сағаттың заңға сай, ашық және педагогтердің құқығын бұзбай бөлінуінде.
Өйткені директорға қосымша сағат алу заңмен рұқсат етілгенімен, ол әкімшілік лауазымын пайдаланып, негізгі пән мұғалімінің жүктемесін негізсіз қысқартуға негіз болмауға тиіс.