«Мұғалім деген қап емес, ішіне не болса, соны сыйғыза беретін...» Мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазаның әлеуметтік желідегі осы бір сөзі педагогтердің жанайқайын сыртқа шығарды. Бірі сабағын жақсы көргенімен, әбден шаршағанын айтса, енді бірі мектепке келгеніне үш ай толмай жатып мамандығын тастауды ойлаған. Директордың «Мұғалімге күн сайын жаңа міндет жүктей береміз. Ал сол міндеттердің қайсысын оның мойнынан ала аламыз?» деген сауалына әріптестері де үн қатты. Ұстаздардың пікірлері білім саласындағы көптен бері айтылып жүрген мәселені қайта қозғады, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесі туралы көбіне педагогтердің өздері шағымданады. Ал бұл жолы мәселені мектеп директоры көтерді.
Ақмоншақ Нұртаза Threads желісінде ұстаздардың жұмыс жағдайы мен олардың жан күйзелісі туралы жазба жариялады.
Директордың айтуынша, соңғы уақытта оған мұғалімдерден көп хат келіп жүрген көрінеді. Хаттардың мазмұны әртүрлі болғанымен, ортақ мәселесі бір: педагогтер шаршаған, ал олардың мойнындағы міндеттер азаяр емес.
«Сабақ бергенді әлі де жақсы көремін. Бірақ қатты шаршадым»
Ақмоншақ Нұртаза жазбасын мынадай сөздермен бастаған:
«Мұғалім деген ҚАП емес, ішіне не болса, соны сыйғыза беретін...»
Одан әрі директор өзіне келіп түскен хаттардың мазмұнын бөліскен.
«Бірі «Сабақ бергенді әлі де жақсы көремін. Бірақ қатты шаршадым»... Бірі кешке үйіне келіп, есеп толтыруды жалғастыратынын айтады. Бірі ата-анамен қиын әңгімеден кейін «Қалайсың?» деп сұрайтын бір адам болса екен дейді. Енді бірі өзі қалап келген мамандығынан үш ай өтпей жатып кетуді ойлап жүр. Мен де мектепте жұмыс істеймін».
Бұл сөздерде бүгінгі педагогтердің күнделікті тіршілігі көрініс тапқан.
Мұғалім сабағын өткізіп қана қоймайды. Ол оқушының білімін бағалайды, құжат толтырады, ата-анамен байланысады, түрлі ұйымдастыру жұмыстарына қатысады.
Алайда осы міндеттердің қайсысы оның кәсіби қызметіне тікелей қатысты, қайсысы артық жүктеме екенін анықтау — мектеп басшылығы мен білім беру жүйесінің жауапкершілігіндегі мәселе.
«Бүгін мұғалімдерімнен қанша нәрсе сұрадым?»
Ақмоншақ Нұртазаның жазбасындағы ең маңызды тұс — оның басшы ретінде өзіне қойған сұрағы.
«Кейде күннің соңында «Бүгін мұғалімдерімнен қанша нәрсе сұрадым? Ал өздеріне қандай көмек керек екенін сұрадым ба?» деп ойланамын».
Осыдан кейін директор бүкіл білім саласына қатысты ой тастайды:
«Осы хаттарды оқығанда мені бір сұрақ мазалайды. Мұғалімге күн сайын жаңа міндет жүктей береміз. Ал сол міндеттердің қайсысын оның мойнынан ала аламыз деп қаншалықты жиі ойланамыз?»
Бұл сұрақтың ерекшелігі — мәселені тек мұғалімнің шыдамдылығына тіреп қоймай, басшылықтың да жауапкершілігін алға шығаруы.
Өйткені педагогтен есеп сұрау, тапсырма беру, нәтиже талап ету оңай. Ал сол жұмыстың бәріне оның уақыты мен мүмкіндігі жете ме дегенді бағалау әлдеқайда күрделі.
«Таңғы алтыда кетіп, кешкі сегізде келеміз»
Директордың жазбасына пікір білдірген мұғалімдер өз жағдайларын ашық айта бастаған.
Олардың бірі:
«Сол шықсам ба деп отырмын. Таңғы 6-дан бастап кетеміз, кешкі 7-8 де келетін кездер болады. Соңғы жылдары мұғалім жұмысын өте қиындатып жіберген», – деп жазған.
Тағы бір педагог қағазбастылықтың азаймағанына наразылық білдірген:
«Неге мұғалім өзінің негізгі жұмысымен ғана айналыспайды? Күнде ананы толтыр мынаны толтыр деп қанды ішеді. Қағазбастылықты азайтамыз деген жай ғана сөз. Сол қағазбастылық одан әрі артып жатыр. Мектептен кету мені де ойландырып жүр».
Бұл пікірлердегі ең алаңдатарлық жайт — мұғалімдердің жай ғана шаршағанын емес, кәсібінен кетуді ойлай бастағанын айтуы.
Әсіресе мамандығын сүйіп таңдаған адамның қысқа уақыт ішінде одан бас тартқысы келуі назар аудартады.
Дегенмен мұндай жазбалар елдегі барлық педагогтің жағдайын бірдей сипаттайды деген сөз емес.
«Оқушылардан ұяламын, бірақ жұмыстан кеткім келеді»
Тағы бір пікір иесі өзінің де жұмыстан шығуды ойлап жүргенін жеткізген.
«Ия дұрыс айтасыздар талап күшейіп, сабақ өтуге мұрша бермей жатыр ғой.... Оқушылардан ұяламын, менде жұмыстан шықсамба деп ойланып жүрмін. Бірақ Оқушыларымды қимаймын», – деп жазған ол.
Бұл пікірде мұғалімнің екіұдай күйі байқалады.
Бір жағында — өзіне жақын шәкірттері мен сүйікті мамандығы. Екінші жағында — жұмыс жүктемесі мен жиналған шаршау.
Тағы бір ұстаз мектептегі жиналыстардан кейін өзін төмен сезінетінін айтып шағымданған.
Ал цифрлық жүйелермен жұмыс істеудегі қиындықтарға тоқталған педагогтердің бірі BilimClass жүйесіндегі кейбір жұмыстарды автоматтандыру арқылы уақыт үнемдегенін жеткізген. Бірақ адамның көңіл күйін сұрап, қолдау білдіруді ешбір бағдарламаның алмастыра алмайтынын атап өткен.
«Күнде есеп тапсырмайсыздар ғой, неге шаршадық дей бересіздер?»
Дегенмен пікір білдірушілердің бәрі бірдей мұғалімдердің шағымын қолдамаған.
Өзін де педагогпін деп таныстырған оқырман әріптестерінің үнемі шаршағанын айта беруіне қарсы болған.
«Күнде есеп тапсырмайсыздар ғой неге шаршадық дей бересіздер. Бар жұмысты мектепте аяқтап кетіңіздер де үйіңізге барып демалыңыз. Бітпеген жұмысыңызды келесі күні аяқтарсыз. Өзім де мұғаліммін бірақ шаршадым деп айтпайды екенмін. Қайта рахаттанып істеймін жұмысты», – деп жазған ол.
Бұл пікірдің де мәні бар: барлық мектептегі жұмыс жағдайы бірдей емес. Педагогтердің жүктемесі, сабақ кестесі, басшылықтың жұмыс ұйымдастыру тәсілі әртүрлі болуы мүмкін.
Бірақ бір мұғалімнің өз жұмысынан ләззат алуы екіншісінің шаршағанын жоққа шығармайды.
Сол сияқты шаршағанын айтқан ұстазды кәсіби міндетін орындағысы келмейтін адам ретінде бағалау да дұрыс емес.
Мұғалімнің шаршағанын мойындау жеткіліксіз
Ақмоншақ Нұртазаның жазбасы бір маңызды қайшылықты көрсетті.
Мектеп басшылығы мұғалімнен жұмыс талап етуге құқылы. Бірақ сол талаптардың заңды, негізді және педагогтің жұмыс уақытына сай болуы да маңызды.
Қазақстанның «Педагог мәртебесі туралы» заңы ұстаздарды кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға және заңнамада көзделмеген есептілікті талап етуге шектеу қояды.
Соған қарамастан, әлеуметтік желідегі мұғалімдер құжат, жоба, қосымша тапсырма мен түрлі электрондық жүйеге қатысты қиындықтарын жиі айтып жүр.
Ақмоншақ Нұртазаның жазбасындағы ерекшелік — ол мұғалімдерге тағы бір талап қоюды емес, олардың мойнындағы міндеттің қайсысын алып тастауға болатынын ойлануды ұсынады.
Бұл — білім саласында сирек естілетін, бірақ маңызды сұрақ.
Өйткені мұғалімнен «Неге үлгермедің?» деп сұрау бір бөлек, «Үлгеруің үшін мен қандай жағдай жасадым?» деп сұрау — мүлде басқа мәселе.
Мектептегі оқу сапасы тек педагогтің жауапкершілігімен өлшенбейді. Оған оның жұмыс жағдайы, кәсіби еркіндігі және басшылықтың қолдауы да ықпал етеді.
Ақмоншақ Нұртаза көтерген мәселенің түйіні де осы: мұғалімнің мойнына жаңа міндет жүктеуді білетін білім жүйесі оның қажетін тыңдап, артық жүктемесін жеңілдетуді де үйренуге тиіс.