Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектептерде Конституция, заң мен тәртіп және жеке қауіпсіздікке арналған міндетті курстар енгізілмек деп жазады Democrat.kz.
2026–2027 оқу жылында 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң және тәртіп», ал 5–11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» курстарын енгізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңа Конституция талаптарына сәйкестендірілмек. Бұл өзгерістер Астанада басталған республикалық жазғы педагогикалық сессияда таныстырылды. Жиынға еліміздің 20 өңірінен шамамен 300 педагог пен білім басқармаларының өкілдері қатысқан.
Ресми түсініктеме бойынша, жаңа курстар оқушылардың құқықтық мәдениетін, қауіпсіздік дағдыларын және азаматтық жауапкершілігін дамытуға бағытталады. Алайда басты мәселе пән атауында емес, оның қалай оқытылатынында. Егер сабақ пікірталасқа, өмірлік мысалға және құқықты қолдануға емес, дайын анықтамаларды жаттауға құрылса, мектепке тағы бір есептік пән қосылғанымен шектелуі мүмкін.
Әзірге курстардың апталық жүктемесі, бағалау жүйесі, оқулықтары және оларды қай пән мұғалімдері жүргізетіні толық жарияланған жоқ. Сондықтан мұғалімдерге қосымша сағат пен құжат жүктеле ме деген сұрақ ашық қалып отыр.