Тележүргізуші Динара Сәтжанның ұлының үйлену тойынан тараған видеолар әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әсіресе той үстінде қуаныштан билеп, секіріп жүрген Динараның күйеуі Жұмабек Жанықұлдың әрекеті көпшіліктің назарына ілікті. Бірі мұны әкенің қуанышы деп қабылдаса, енді бірі оның қылығын ерсі көріп, сын пікірлерін жаудырған, деп жазады Democrat.kz.
Желі қолданушыларының бір бөлігі Жұмабек Жанықұлдың тойдағы қимылын әзілге айналдырған.
«Тұрсынбекті де қайталағысы келетін сияқты», «Түрін құртсын, сумелек», «Мынаның миы ашып қалған сияқты, 180 градус» деген пікірлер жазылған.
Тағы бірқатар оқырман оның бес баланың әкесі екенін алға тартып, көпшіліктің алдында өзін басқаша ұстауы керек еді деген ой білдірген.
«Бес баланың көз жасы», «Балалары ұялып отыр-ау», «Бұның келіні емес қой», – деп жазғандар бар.
Кейбір пікір иелері Динара Сәтжанның бұрынғы отбасын да сөз етіп, Жұмабек Жанықұлдың әрекетін сол жағдаймен байланыстыра талқылаған. Алайда бұл пікірлердің барлығы әлеуметтік желі қолданушыларының жеке көзқарасы екенін ескерген жөн.
Сонымен қатар оны жақтағандар да табылды. Олар «адам қуаныштан билесе, несі айып?», «өз баласының тойында әке қуанбағанда кім қуанады?» деген пікір білдіріп, жұртты өзгенің жеке өміріне араласпауға шақырған.
Динара Сәтжанның ұлының үйлену тойы сән-салтанатымен де әлеуметтік желіде кең тараған. Ал тойдың өзінен гөрі, онда түсірілген қысқа видеолар жұрттың назарын Жұмабек Жанықұлға аударып жіберді.
Осылайша, бір отбасының қуанышты сәті әлеуметтік желіде мүлде басқа тақырыпқа ұласып, «тойдағы әкенің еркіндігі қай жерде аяқталады, көпшілік алдындағы әдеп қай жерден басталады?» деген пікірталасқа айналып отыр.