Мұғалім Ұлпан Абай балаларына сыйластықты үйретуді сұрағаны үшін ата-аналардан айғай естігенін, ал ақша жинаған мұғалімге сол ата-аналардың қолдау көрсеткенін жазды. Ол оқушылардың алдында беделіне нұқсан келгенін айтып, полицияға арызданғанын баяндады, деп жазады Democrat.kz.
Өз жазбасында Ұлпан Абай: "Мұғалім болып жұмыс істеймін. Менің сабағымда жаңадан келген қыз құлап қалды. Ұлдар күле бастады.
-Күлуге болмайды , тынышталыңдар,-дедім
Өзім әлгі қыздың тұруына көмектестім.
Ата-аналар жиналысында әлгі балалардың қылығын айттым.
-Балаларыңызға сыйластықты үйретіңіздер.
Қыз бала құлап жатыр, оған көмектесудің орнына бұлар күлді.
Жігіттікке сын емес пе?
- Қазір балалардың бәрі сондай, енді не істейік?-деді бір баланың анасы.
-Тәрбие беріңіз, түсіндіріңіз.
-Неге менің баламның соңына тұсіп аласың? Сендей мұғалім керек емес, Мен қазір директорға барып ,мұғалімді ауыстырамын.
Айғайлап аузына келгенді айта бастады. Әр түрлі әңгімелер. Ол орыс тілінде сөйлегендіктен мен айтқан әңгімелерін есімде сақтай алмадым.
Екінші баланың шешесі де айғайлай бастады. Екі ата-ана да орысшалап айғайлап жатыр. Бірін түсінсем, бірін түсінбедім.
Бір кезде жаңадан келген бала айғайлады. Қолын сілтеп сөйлейді.
"Мен не үшін оқымаймын білесіңдер ме? Себебі апай бізді жақсы көрмейді, "-дейді бар дауысымен.
Оқушылар мен ата-аналардың алдында айғайлап жатқан соң , завучқа қарап: "ИДН шақырып беріңізші,"-дедім.
Завучтың кабинетінде отырмыз.
Әлгі ата-ана мені видеоға түсіріп отыр.
-Айт айтатыныңды ,-дейді.
Арандатуға көшкендерін түсіндім.
-Сізбен мүлдем әңгімелеспеймін, инспектор келеді, сол кісімен сөйлесемін,-дедім.
-Біздің баламызды сүймейді бұл апай,- дейді. Орысша айтты.
-Мен күйеуім мен балаларымды сүйемін, сенің балаңды немесе басқа оқушыларды сүюге міндетті емеспін,-дедім.
ИДН келді.
Қылмыстық құрам жоқ, ата-ана айғайласа да сізді боқтамады, ұрмады.
Мен заңдарды айтып жатырмын.
1. Баласына тәрбие беруден бас тартты.
2. Оқушылардың алдында мұғалімге айғайлап, дөрекі сөйледі.
3. Оқушым, баласы да шешесіне еріп, қолын сермеп, айғайлап, дауыс көтерді.
4. Мұғалімнің басқа балалардың ,оқушыларының алдындағы беделін түсірді.
-Жоқ, біз ештеңе істей алмаймыз,-деді де ИДН кетіп қалды.
Отырдым да жылап жібердім.
Сонда баласына тәрбие беруді сұрағаным үшін айғай естіп қала беремін бе? Ертең мені басқа балалар сыйламайды ғой. Мені, мұғалімді қорғайтын заң жоқ па? 102 нөміріне хабарластым.
Олар келді де арызымды қабылдады.
Қарсы тараппен сөйлесіп, құжаттарды дайындап, сотқа жіберетінін айтты.
Әлгі ата-аналар келіп, кешірім сұрап, енді қайталамайтындарын айтып жатыр.
-Менің беделімді оқушылардың алдында түсірдіңіздер, оқушылардың алдында сұраңыздар кешірімді,-дедім.
-Бұл арыз балалардың сабақтағы тәртібіне қатысты жазылмағанын, ата-аналардың жиналыс кезіндегі мұғалімнің беделіне нұқсан келтіріп, дөрекілік танытқаны үшін жазылғанын ашық айттым.
Полиция өкілдері жақсы жұмыс жасады. Қарсы тараппен де сөйлесті, жауап алды.
Бұның бәрін басқа мұғалімдерге сабақ болсын деп айтып отырмын.
Бір қызықты айта кетейін.
Кеше қарасам, сол сынып жаңа жалюз сатып алыпты.
-Жақсы жалюз екен, қайдан алдыңыздар? Кім алып берді?-дедім.
Оқушылар ақша жинап алғандарын айтты.
Баласына тәрбие беруді сұраған мұғалімді жерден алып, жерге салған ата-аналар, ақша жинаған мұғалімге қолдау көрсетіп, жалюз алып беріпті.
Біреуі бір ауыз әңгіме айтпапты ғой, шіркін!
Мен балаларды адам ретінде сыйлап, артық әңгіме айтпайтын мұғаліммін. Тек дұрыс тәрбие алғандарын қаладым.
Қазірден ақша жинап үйрететін мұғалім маған қарағанда бақыттырақ екен, ата-аналардан сөз естімейтін.
Ескере кететін тағы бір жағдай бар.
Мұғалімді қорғайтын заң әлі де осал екеніне көзім жетті.
Боқтамаса, ұрмаса болды. Айғайлай салуға болады екен. ИДН сондықтан бұл істі қарамай кетті.
Заңдарды реттеңіздер заң шығаратын айғайлар мен апайлар.
Егер полиция арызымды қабылдамағанында мені ешқандай оқушы сыйламайтын еді", деп, әрбір ұстаз өзінің қызметтік беделін "Педагог мәртебесіне" сүйеніп, ал азаматтық құқығын Ата заңымызға сүйеніп қорғаса, кей бажылдауық шешелердің естерін жинатып жіберетінін айтады.