Белсенді ұстаз Шолпан Оңғарбаева білім саласындағы аттестаттау, әдістемелік бақылау мен сараптама жүйесіне қатысты өткір мәселе көтерді. Оның айтуынша, мұғалімдердің жұмысын бағалап, талап құрастырып жүрген кейбір сарапшылардың өзі нақты сабақ беру үдерісін терең білмеуі мүмкін. Соның салдарынан педагогтер қайта-қайта құжат жүктеп, авторлық бағдарлама жазып, тексерістен тексеріске сабылып жүр. Ал осы жүйелік әуренің жауапкершілігін кім көтереді деп жазады Democrat.kz.
Шолпан Оңғарбаева мұғалім еңбегін «көзге көрінбейтін жұмыс» деп сипаттайды. Сабаққа дайындық, жоспар, бағалау, құжат, әдістемелік жұмыс – мұның бәрі сырт көзге байқала бермейді. Бірақ дәл осы көрінбейтін жұмыстың үстіне жыл сайын түрлі тексеріс, аттестаттау және сараптама талаптары қосылады.
Ұстаз өз тәжірибесінен бірнеше мысал келтіреді.
Оның айтуынша, №18 М.Сатыбалдиев атындағы мектепте еңбек етіп жүрген кезінде аудандық білім бөлімінен фронтальды тексеріс келген. Сол тексерісте бөлімдегі бір әдіскер мұғалімдердің жұмысын «жоққа шығарып» кеткен.
Арада бірнеше жыл өткен соң Оңғарбаева №5 Абай атындағы мектепке ауысып, бір топ пән бойынша әдістемелік бірлестік жетекшісі болады. Бұрынғы сол әдіскер осы жолы мектепте мұғалім болып жұмыс істеген.
Кейін облыстық фронтальды тексеріс келгенде оның пәні бойынша келген маман «ең қарапайым күнтізбелік жоспардың өзі дұрыс емес» деп көрсеткен.
Оңғарбаеваның айтуынша, сол кезде бұрын тексеруші болған әріптесі:
«Енді өшіңізді алуға болады», – деген.
Бірақ ұстаз бұл оқиғаны кек алу үшін емес, басқа бір мәселені көрсету үшін келтіреді.
Басқаның жұмысын бағалайтын адамның өзі сол талапқа сай ма?
Бұл – бүкіл әдістемелік бақылау жүйесіне қойылатын сұрақ.
Шолпан Оңғарбаева біліктілік аттестаттауына қойылатын талаптарды әзірлейтін кейбір сарапшылардың сабақ беру тәжірибесіне күмән келтіреді.
Оның пікірінше, нақты оқу мен оқыту үдерісін терең білмейтін адамдар мұғалімге талап қойып, оның кәсіби деңгейін бағаласа, жүйенің әділдігі туралы мәселе туындайды.
Ұстаз тағы бір жағдайды баяндайды.
Өткен жылдың сәуірінде сарапшылар отырысына қатысу үшін №5 Абай атындағы мектепке барған кезде, бір облыстан келген әдіскер мен мектеп директорының арасында жанжал болғанын көрген.
Оның сөзінше, дау директордың әдіскерді төменгі қабаттан күтіп алмағанына байланысты туған.
Бұл детальдың өзі білім жүйесінде кейде кәсіби мәселенің орнына лауазымдық амбиция алға шығып кетпей ме деген сұрақ тудырады.
Одан кейін аудандық әдістемелік кабинет 80 авторлық бағдарлама ұсынылғанын, соның тек екеуі облыстық деңгейге жолданатынын хабарлаған.
Бірақ мұнда тағы да бірқатар түсініксіз мәселе бар.
80 жұмысты кім сараптады? Қандай өлшеммен бағалады? Сарапшылар кім? Неге олардың аты-жөні мен біліктілігі ашық көрсетілмейді?
Оңғарбаева тіпті:
«Соншама мұғалім авторлық бағдарлама жазып тастаған болса, сонда сабақты кім беріп жатыр?» – деген өте орынды сұрақ қояды.
Шынында да, мұғалімнің негізгі жұмысы – сабақ беру.
Ал егер педагогтің уақытының едәуір бөлігі авторлық бағдарлама, портфолио, платформа, есеп, дәлелдеме жинауға кетсе, бұл оның негізгі жұмысына қалай әсер етеді?
Тағы бір қайшылық – облыстан келген әдіскер аудан іріктеген екі жұмыстың өзін сапасыз деп бағалаған.
Сонда аудандық деңгейдегі сараптаманың сапасы қандай болған?
Егер төменгі деңгейдегі комиссия өткізген жұмысты жоғары деңгей қайтадан жарамсыз деп тапса, мұғалім неге осы жүйенің қателігі үшін қайтадан құжат жинап, уақыт жоғалтуы керек?
Шолпан Оңғарбаеваның жазбасындағы ең салмақты сұрақ та осы:
мұғалімдерді қайта-қайта платформаға құжат жүктеуге мәжбүрлеп, олардың сабаққа дайындалатын уақытын алған адамдар жауапкершілікке тартыла ма?
Бұл сұрақ жеке бір мұғалімнің реніші емес. Бұл – білім жүйесіндегі жауапкершілік мәселесі. Мұғалім құжатын қате толтырса – жауап береді. Мерзімнен кешіксе – жауап береді. Аттестаттаудан өтпесе – санатынан айырылады.
Ал қате талап әзірлеген, түсініксіз платформа енгізген, қайта-қайта құжат жүктеткен, сапасыз сараптама жасаған құрылымдардың жауапкершілігі қайда? Неге жүйедегі қателіктің құнын үнемі мұғалім өзінің уақытымен төлеуі керек? Білім сапасы мұғалімнің қағаз санына емес, оның сабағына байланысты.
Сондықтан аттестаттау мен әдістемелік бақылаудағы негізгі өлшем де қарапайым болуы тиіс: мұғалім баланы қалай оқытып жүр және оның кәсіби жұмысының нақты нәтижесі қандай?
Қалғанының бәрі осы мақсатқа қызмет етуі керек.
Ал егер тексеріс пен сараптама мұғалімге көмектесудің орнына оның уақытын жеп, жүйкеге салмақ түсіріп, негізгі жұмысынан алыстатса – онда бұл жүйенің өзін қайта тексеретін уақыт келген.