«Малға теңеп отыр»: Ата-ана мен ұстаз арасындағы дау желіні шулатты

«Малға теңеп отыр»: Ата-ана мен ұстаз арасындағы дау желіні шулатты

Әлеуметтік желіде бір ата-ананың әрекетінен 38 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімнің ар-намысы тапталғаны туралы жазба қызу талқыланып жатыр. Пікір білдірушілердің бір бөлігі ұстазды қорғап, ата-аналардың мұғалімге деген қарым-қатынасы шектен шығып бара жатқанын айтса, енді бірі даудың екі жағын да тыңдау керектігін ескертті, деп жазады Democrat.kz.

Желі қолданушысы Арайка Әлімбаева бір ата-ананың әрекетінен анасының «ар-намысы, абыройы және 38 жылдық еңбегі тапталғанын» жазды.

Автордың сөзінше, мәселе мектептегі ата-ана мен мұғалім арасындағы жанжалға байланысты. Кейінгі пікірлерінде ол жағдайдың ушығып кеткенін, ата-ананың заңгер екенін айтып, сотқа жүгінетінін ескертіп жүргенін жеткізген.

Жазба астында ұстазды қолдаған пікірлер көп.

«Педагог мәртебесі туралы заң тек қағаз жүзінде ме? Қазір мұғалімдер қиын балалардан емес, мұғалімге осындай қарым-қатынас жасайтын ата-аналардан кетіп жатыр», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір оқырман бұрын мұғалімге оқушы да, ата-ана да құрметпен қарағанын еске алып:

«Мұғалімді жұмыстан кетуге дейін жеткізу – сұмдық. Бірақ мұғалімнің де мұғалімі бар. Өз ісін шын сүйетін ұстаздар да, тек жұмыс үшін жүргендер де кездеседі», – деген пікір қалдырған.

Өзін білім саласында жұмыс істеген адам ретінде таныстырған тағы бір қолданушы мұндай ата-аналар мұғалімдердің мамандықтан кетуіне себеп болатынын жазған.

«Мен де осындай адамдардың кесірінен білім жүйесінен кеттім», – дейді ол.

Пікірлер арасында мұғалімнің қатаңдығын қалыпты қабылдайтындар да бар.

«Бізді мұғалімдер ұрысатын. Ата-анамыз керісінше: “тағы ұрысыңыз, тыңдамаса әкесіне айтамыз” дейтін. Бірақ сол мұғалімдер менің тарихқа, географияға деген қызығушылығымды оятты. Қазір де оларды құрметтеймін», – деп жазды бір оқырман.

Сонымен бірге қарсы пікір айтқандар да табылды.

«Егер ата-анаға ұнамаса, баласын басқа мектепке ауыстырсын», «бәрін бір жақты бағалауға болмайды» деген пікірлер де жазылған.

Автордың айтуынша, жағдай мектеп ішінде ғана қалмай, білім бөліміне дейін жеткен. Ол білім бөлімінің өкілі «18 оқушы мен мұғалім мектептен кетуі мүмкін, бірақ бұл ата-ана қалады» деген мазмұнда сөз айтқанын жеткізді. Алайда бұл мәлімдемеге қатысты ресми органның түсіндірмесі жарияланған жоқ.

Жазба астындағы пікірлер тағы бір үлкен мәселені көрсетті: мектептегі ата-ана мен мұғалімнің құқығы қай жерде басталып, қай жерде аяқталады?

Бір жағынан, ата-ананың баласының құқығын қорғауға толық құқығы бар. Екінші жағынан, педагогтің де ар-намысы, кәсіби беделі мен қауіпсіздігі заңмен қорғалуға тиіс.

Ал дау жеке тұлғаларды қорлау, қысым көрсету немесе жұмыстан кетуге мәжбүрлеу деңгейіне жетсе, мәселе жай ғана «ата-ана мен мұғалім арасындағы түсініспеушілік» аясынан шығып кетеді.

Әзірге әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат – бір тараптың нұсқасы. Сондықтан оқиғаның толық бағасын беру үшін мектеп әкімшілігінің, білім бөлімінің және екінші тараптың ұстанымы да қажет.

Барлық жаңалықтар