Қазақстан мектептерінде БЖБ және ТЖБ жүйесін бастауыштан кейін жоғары сыныптарда да алып тастау жоспарланып отыр. Алдымен өзгеріс 5–9 сыныптарға енгізіліп, кейін 10–11 сыныптарға таралуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
Оқу-ағарту министрлігі мектептегі бағалау жүйесін қайта қарауға кірісті.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бастауыш мектеп бағдарламалары мен оқушылар үлгерімі зерттеліп, бағалау тәсіліне өзгерістер енгізілген.
Ендігі кезеңде министрлік 5–9 сыныптардағы жиынтық бағалауды қайта қарауды жоспарлап отыр. Алдын ала жоспар бойынша бұл жұмыс 2027 жылдан басталуы мүмкін.
Кейін осы тәжірибе 10–11 сыныптарға да таратылады.
Министр ТЖБ-ны алып тастау оқушыларға талап төмендейді дегенді білдірмейтінін атап өтті. Оның орнына күнделікті сабақтағы формативті бағалаудың рөлін күшейту жоспарланған.
Яғни оқушының білімі тоқсан соңындағы бір бақылау жұмысымен ғана емес, оқу барысындағы тұрақты жұмысы арқылы көбірек бағаланбақ.