Мұғалімді қорғамайды: Депутат кәсіподақтағы миллиардтарға сұрау салды

Мұғалімді қорғамайды: Депутат кәсіподақтағы миллиардтарға сұрау салды

Бүгінгі таңда мұғалімдер көтеріп отырған басты мәселе — мүшелік жарналардың жұмсалу ашықтығы мен кәсіподақтарға мүше болу тартібі. «Қазақстанда мұншалықты көп қаражат алатын басқа ұйым жоқ», — деді Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов деп хабарлайды Democrat.kz.

Оның айтуынша, тәжірибелі педагогтың орташа жалақысы шамамен 500 мың теңге деп есептесек, 1 пайыздық кәсіподақ жарнасы бір қызметкерден айына шамамен 5 мың теңгені құрайды.

Елімізде 600 мыңға жуық педагог бар екенін ескерсек, бұл ай сайын шамамен 3 миллиард теңге, ал жылына 36 миллиард теңгеге жуық қаражатты құрайды.

Осындай орасан зор қаражат көлеміне байланысты заңды сұрақ туындайды: бұл мүшелік жарналар қайда бағытталып жатыр және кәсіподақтар өз мүшелерінің алдында қаншалықты ашық есеп береді?

Мұрат Әбенов, сонымен қатар, қаражатты кәсіподақтарға аудару тәртібін жетілдіру қажеттігін атап өтті.

«Өте көп педагог сұрақ қойып жатады: неге жарналарды бухгалтерия тізім бойынша аударады? Неліктен мен кәсіподаққа кіру туралы өтініш жазбаймын? Және неге кәсіподақтар жыл сайын есеп бермейді? Жалпы, мұғалімдер жаңа Конституцияға сәйкес өз құқықтары бұзылып жатқанын айтады», — деді Мұрат Әбенов.

Қазақстанның білім саласында жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан ең ірі, әрі жабық жүйелердің бірі — Педагогтардың салалық кәсіподағы. Бүгінде еліміздегі 600 мыңға жуық мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары ай сайын өз жалақыларының 1 пайызын осы ұйымның есепшотына аударып отыр. Сырт көзге мұғалім құқығын қорғайтын мекеме болып көрінгенімен, іс жүзінде бұл жүйе орасан зор қаржы айналымы бар, бірақ есеп бермейтін монополияға айналған.

Қаржылық талдау: Миллиардтар қайдан шығады?

Мәжіліс депутаты, Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Әбенов келтірген есепке сүйенсек:

  • Орташа жалақы: «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін тәжірибелі мұғалімдердің, санатты педагогтардың орташа еңбекақысы 500 000 теңгеге жетті.

  • Айлық жарна (1%): Бір мұғалімнен ай сайын 5 000 теңге ұсталады.

  • Ел бойынша айлық айналым: 600 000 теңге х 5000теңге = 3 миллиард теңге

  • Жылдық айналым: 3млрд теңге х 12 = 36 миллиард теңге.

36 миллиард теңге — бұл бірнеше заманауи мектепті салып шығуға немесе мыңдаған мұғалімнің біліктілігін шетелде арттыруға жететін сома. Алайда, осы миллиардтардың қайда кететінін ешбір мұғалім де, мемлекеттік орган да нақты айта алмайды.

Негізгі заңбұзушылықтар мен мәселелер

Жүргізілген талдаулар мен педагогтардың арыз-шағымдары негізінде кәсіподақ қызметіндегі төрт басты шикілік анықталды:

 Автоматты түрде тіркеу (Заңсыз мүшелік)

Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына сәйкес, кәсіподаққа кіру — ерікті процесс. Алайда, іс жүзінде мектепке жаңадан жұмысқа орналасқан мұғалімнен ешқандай жазбаша өтініш алынбайды. Олар автоматты түрде кәсіподақ тізіміне енгізіліп, бухгалтерия бірден айлықтың 1 пайызын ұстауды бастайды. Бұл — азаматтардың ерік-жігерсіз ұйымға танылуы, яғни Конституциялық құқықты бұзу.

Қаржылық ашықтықтың мүлдем болмауы

Кәсіподақтар жыл сайын мұғалімдер алдында ашық қаржылық есеп бермейді. Жиналыстарда тек «жаңа жылдық сыйлықтар берілді» немесе «бірнеше мұғалім шипажайға жолдама алды» деген үстірт ақпаратпен шектеледі.

  • Жинаған 36 миллиардтың қанша пайызы орталық аппарат басшыларының жалақысына, сыйақыларына, қымбат көліктеріне кетіп жатыр?

  • Шын мәнінде қанша пайызы мұғалімдердің қажеттілігіне жұмсалады?

    Бұл сұрақтардың жауабы «жабық архивте».

Құқықтық көмектің әлсіздігі

Мұғалімдердің басым бөлігі мектеп директорларының заңсыз әрекеттеріне, артық жүктемелерге немесе еңбекақының дұрыс есептелмеуіне тап болғанда, кәсіподақтан ешқандай шынайы қорғау таппайды. Себебі, мектептегі кәсіподақ комитетінің төрағасы көбіне мектеп әкімшілігіне тәуелді адамдардан таңдалады. Нақты дауларда кәсіподақ мұғалімді емес, мектеп басшылығын қолдайды.

Бухгалтериялық әкімшілендіруді заңсыз пайдалану

Мемлекеттік мектептердің бухгалтериясы жеке меншік немесе қоғамдық ұйым саналатын кәсіподақтардың «ақша жинаушы кассасына» айналған. Заң бойынша, мемлекеттік бюджеттен жалақы алатын бухгалтерия жеке қоғамдық ұйымдардың жарнасын тегін жинап бермеуі тиіс.

Шешім жолдары: Бұл жүйені қалай реформалау керек?

Педагогтардың құқығын қорғап, қаржыны өз игілігіне жарату үшін мынадай шұғыл қадамдар жасалуы қажет:

  1. Сандық форматындағы келісім (Digital Consent): Бухгалтерия мұғалімнің жеке электронды-цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) расталған жазбаша немесе цифрлық өтінішісіз 1% жарнаны өз бетінше ұстауды тоқтатуы тиіс.

  2. Ашық цифрлық платформа (Кәсіподақ бюджетін ашу): Барлық жиналған жарналар мен шығыстар онлайн жүйеге орналастырылып, кез келген мұғалім өзі төлеген ақшаның қайда кеткенін көре алуы керек.

  3. Баламалы кәсіподақтарға мүмкіндік беру: Мектептердегі монополияны жойып, мұғалімдерге өздері таңдаған, шынайы тәуелсіз кәсіподақтарға мүше болуға жағдай жасау.

  4. Аудит жүргізу: Тәуелсіз аудиторлық компанияларды тарта отырып, салалық кәсіподақтардың соңғы 5 жылдағы бюджетіне тексеріс жүргізу.

Педагогтардың еңбекақысы артқан сайын кәсіподақтың бюджеті де еселеп өсті. Алайда, ақша көбейгенімен, мұғалімдерді қорғау деңгейі артқан жоқ. Егер бұл салаға ашықтық пен цифрлық бақылау енгізілмесе, 36 миллиард теңге мұғалімнің мүддесіне емес, белгілі бір шенеуніктер тобының мүддесіне қызмет ете беретін болады.

Барлық жаңалықтар