Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары күшейіп келеді. Үкімет мемлекеттік сатып алуды енді бюджетті игерудің ғана емес, жергілікті өндірісті дамытудың құралы ретінде пайдалануға көшкенін мәлімдеді. Сарапшылар бұл бағытты «ақылды протекционизм» деп бағалап отыр деп жазады Democrat.kz. сайты Povestka.kz. арнасына сілтеме жасап.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау Олжас Бектенов басқаратын Үкіметтің экономикалық саясатындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Келтірілген мәліметке сәйкес, 2024 жылғы ақпаннан бері Үкімет басшылығы қатысқан отырыстарда бұл мәселе 30-дан астам рет көтерілген.
Қолдау тетіктері жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алудан бастап, өндірістік кооперацияны дамытуға және ірі компанияларды қазақстандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыруға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Үкіметтің ресми дерегінше, 2025 жылы «Самұрық-Қазына» қорының қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есе өсіп, шамамен 2,2 трлн теңгеге жеткен.
2024 жылы қор құрамындағы компаниялар 2070 кәсіпорынмен жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 11,1 мыңнан астам келісімшарт жасасқан. Ал 2025 жылы келісімшарттардың жалпы құны 2,17 трлн теңгеге дейін өсті. 2283 отандық өндірушімен 8,9 мыңнан астам келісім жасалған.
2026 жылдың алғашқы жартысында 594 млрд теңгеге 3,8 мыңнан астам келісімшартқа қол қойылған. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 46 пайызға жоғары. Оның ішінде жалпы құны 343 млрд теңге болатын 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар.
Осы саладағы цифрландырудың негізгі тетіктерінің бірі — «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі». Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылғы қарашадан бері жұмыс істеп тұрған жүйеге кәсіпкерлерден 41 мыңнан астам өтінім түскен. Тексеру нәтижесінде тізілімге 10 мыңнан астам отандық өндіруші енгізілген.
«Мемлекет ірі тапсырыс беруші болуы керек»
Қазақстан және Орталық Азия бойынша саяси сарапшы, экономист Расул Қоспановтың пікірінше, мемлекеттік инвестиция тек инфрақұрылымды жаңғыртуға емес, ел өнеркәсібін дамытуға да қызмет етуге тиіс.
«Бектенов тұсында бизнесті қолдау тетіктері біртіндеп біртұтас өнеркәсіптік саясатқа ұласып келеді. Оның негізгі қағидаты — мемлекет реттеуші ғана емес, ірі тапсырыс беруші рөлін де атқаруы керек. Қазақстан қазір “ақылды протекционизм” жолымен келе жатыр: қазақстандық өнімдерді сатып алу көлемі ұлғаюда, өндірісті жергіліктендіру жүріп жатыр. Ал отандық тауар өндірушілер тізілімі жалған өндірушілерді нарықтан ығыстыруы керек. Мұндай тәсіл халықаралық индустрияландыру тәжірибесіне сәйкес келеді», — дейді сарапшы.
Қазір қазақстандық кәсіпкерлер «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі, Қазақстанның Даму банкі, Қазақстанның инвестициялық корпорациясы және Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы ұсынылатын түрлі қолдау тетіктерін пайдалана алады.
Мұнда кәсіпкерліктің жекелеген санаттарын ғана қолдау туралы сөз болып отырған жоқ. Қаржыландыру, инвестиция және өнім өткізу нарықтарын бір жүйеге біріктіру арқылы жергілікті өндірісті тұтас дамыту көзделіп отыр.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілі Ефим Третьяктың айтуынша, бұған дейін ірі өнеркәсіпке басымдық беріліп, шағын өндірушілер үшін жағдай әлдеқайда күрделі болған.
«СТ-KZ сертификаты бар кәсіпкерлер жеңілдетілген несие мен қаржыландыруға қол жеткізе алатын. Алайда өнімді шын мәнінде өндірген кәсіпорындардың біразы салық ауыртпалығына төтеп бере алмады. Кейбірі бәсекеге шыдамай, жұмысын тоқтатты. Соңғы жылдары Үкімет нақты өндірісі бар және ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын кәсіпорындарды қолдауға басымдық бере бастады. Отандық тауар өндірушілер тізілімінің енгізілуін оң бағалаймын. Оның негізгі талаптарының бірі — өнімді шынымен өзің өндіретініңді дәлелдеу. Талаптары қатаң болғанымен, олар сапаға бағытталған және болашақта мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді жеңілдетеді», — дейді кәсіпкер.
Дегенмен сатып алу көлемінің өсуі бұл саясаттың тиімділігін өздігінен дәлелдей алмайды. Қаражаттың қанша кәсіпорынға және қай өңірлерге бөлінгені, өндірістің нақты қаншалықты жергіліктендірілгені, қанша тұрақты жұмыс орны ашылғаны да ашық көрсетілуі керек.
«Ақылды протекционизм» жалған өндірушілерді ығыстырып, шынайы кәсіпорындарға ұзақмерзімді тапсырыс берсе ғана нәтиже әкеледі. Ал сатып алу нарығы санаулы компанияның қолына шоғырланса, отандық өндірісті қорғау саясаты артықшылықтарды бөлісу тетігіне айналып кетуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау сапа, ашық бәсеке және нақты өндіріс талаптарымен қатар жүруге тиіс.