Жаңа оқу жылы басталған сәттен түрлі чаттарда "қызу жұмыс" басталатыны мәлім. "Ата-аналар" чаты деген уатсапптағы топта дәл қазір қарбалас шаруа "жүріп жатыр". Осыған байланысты блогер Әсел Қожа маңызды мәлімдеме жасап, видео жариялады деп жазады Democrat.kz.
Әсел Қожа сыныптың ата-аналар чатында түрлі іс-шараларға байланысты ақша жинау науқанын сынап: "Пәленің бәрін ата-аналар комитетінің басшысы бастайды. Чатта отырып алып, "пәлен теңгеден түген нәрсеге" деп ақша жинайды.
Осындай белсенді шешелерді заңды жауапқа тартып, соттау керек! "Жинаса не болыпты, 2000 теңгеңді балаң үшін қимайсың ба" дейтін қитұрқы сөздері де бар. Заң бойынша мектепте ешбір нәрсеге ата-ана ақша жинап бермеу керек.
Чаттарда ақша жинап жатқанын көрсеңіздер, скринін жасап, Білім басқармасына шағым түсіріңіздер! Мектепте ақша жинау - заңсыздық", - деп, мұғалімге сыйлыққа, мектептің әлденесіне деп жиналатын ата-аналардың ақшасына қатысты ащы шындықты айтты.
Блогердің пікіріне қарсы шығып, "5-10 мың теңгеде тұрған не бар", "мұғалімді құрметтеу ғой", "бермесең, берме, пәле іздемей отыр" дегенге саятын пікір жазғандармен қатар, "өте дұрыс!", "мектепте ақша жиналмасын деген сайын ата-аналар комитеті деген тоқтар емес", "бүкіл пәлені сол комитет басшысы болатын шешелер бастайды", "ата-аналар комитеті дегенді мүлде жауып тастау керек", "ақша сұратқан шешені соттау керек" дегендей пікірлер де жазып жатыр.