Мұғалімнің сағат жүктемесі: "Бұл әділетсііздік емес пе" дескен кей ұстаздар құқығын талап етуде

Мұғалімнің сағат жүктемесі: "Бұл әділетсііздік емес пе" дескен кей ұстаздар құқығын талап етуде

Әлеуметтік желіде бастауыш сынып мұғалімдерінің пән жүктемесіне қатысты маңызды мәселе көтерілді. Педагогтер «егер бізге жоғары оқу орнында музыка, дене шынықтыру, бейнелеу өнері, еңбек және басқа пәндерді оқыту әдістемесі үйретілсе, неге мектепке келгенде бұл пәндерді беруге құқығымыз жоқ деп айтылады?» деген сауал қойып отыр, деп жазады Democrat.kz.

Жазба авторының айтуынша, бастауыш сынып мұғалімдері жоғары оқу орнында төрт жыл бойы тек қазақ тілі мен математика әдістемесін ғана емес, әдебиеттік оқу, жаратылыстану, дүниетану, бейнелеу өнері, музыка, дене шынықтыру, еңбекке баулу секілді пәндерді оқыту тәсілдерін де меңгереді.

Осыған байланысты педагогтер қарапайым, бірақ принципті сауал көтерді:

«Егер бастауыш мұғалімі бұл пәндерді 1–4 сыныпта бере алмайтын болса, ЖОО-да бізге олардың әдістемесін не үшін оқытты?»

Мұғалімдер өздеріне диплом беріліп, аталған пәндердің педагогикасы мен әдістемесі оқытылғанын алға тартады. Бірақ мектепке келгенде кей пәндердің арнайы мамандарға берілетінін естиді.

Жазба авторы бұл мәселені арнайы пән мұғалімдерінің жұмысына қарсылық деп түсінбеу керектігін де атап өткен.

«Арнайы пән мұғалімдерінің де өз орны бар. Олардың еңбегін жоққа шығармаймыз. Мәселе – бастауыш мұғалімінің кәсіби құзыретін автоматты түрде жоққа шығаруда», – делінген жазбада.

Педагогтердің айтуынша, бастауыш сынып мұғалімі бір ғана пәнге жауапты маман емес. Ол 1–4 сыныптағы баланың бүкіл бастауыш білім беру үдерісін ұйымдастыратын педагог ретінде даярланады.

Сондықтан мұғалімдер бұл шектеудің нақты құқықтық негізін көрсетуді сұрап отыр.

«Егер заң бойынша бізге белгілі бір пәнді оқытуға нақты тыйым салынса, қай заң, қай бұйрық, қай тармақ екенін көрсетіңіздер. Ал мұндай тыйым жоқ болса, “бастауыш мұғалімі бұл пәнді бере алмайды” деген талап қайдан шыққан?» – дейді олар.

Жазба соңында бастауыш мұғалімдерінің негізгі талабы да анық айтылған: жоғары оқу орнында алған білімі мен кәсіби даярлығы мектепке келгенде «қажетсіз» болып қалмауы керек.

Педагогтер өзге мұғалімдердің сағатын тартып алуды емес, дипломымен бекітілген кәсіби құзыретінің мойындалуын талап етіп отыр.

Бұл мәселе бір ғана пән жүктемесіне емес, жалпы бастауыш мұғалімінің мәртебесі, дипломының құны және мектептегі еңбек бөлінісінің қаншалықты әділ ұйымдастырылып отырғанына қатысты сұрақты алға шығарып отыр.

Барлық жаңалықтар